
Тәуелсіздік күніне орай, Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданы Жағабұлақ ауылында жаңа 100 орындық балабақша ашылды. Бұған дейін ауыл бүлдіршіндері тозығы жеткен 50 орындық ғимаратта тәрбиеленіп келген еді. Жергілікті тұрғындар бұл мәселені облыс әкімі Асхат Шахаровтың ауылға жұмыс сапары кезінде көтеріп, жаңа нысан салу жөнінде ұсыныс білдірген-ді.
Салтанатты ашылу рәсіміне Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев пен Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтады.
715,5 млн теңгеден астам қаржыға салынған балабақша облыстық құрылыс, сәуле және қала құрылысы басқармасының тапсырысы бойынша бой көтерген. Құрылысқа «Санжар» ЖШС жауапты болды. Жалпы аумағы 1048 шаршы метрлі ғимараттың құрылысы былтыр басталып, биыл толық аяқталды.
Жаңа балабақша заманауи талаптарға сай жабдықталған. Онда балалардың оқуы, ойнауы және жан-жақты дамуына арналған арнайы бөлмелер, ойын аймақтары мен қажетті инфрақұрылым толық қамтылған.
Іс-шара барысында ауыл үшін тағы бір жағымды жаңалық жария етілді: «Қазақ Ойл – Ақтөбе» ЖШС демеушілігімен Жағабұлақ ауылындағы орта мектепке жаңа газель автокөлігі табысталды. Бұл көлік оқушыларды тасымалдауды жақсартып, ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын нығайтуға мүмкіндік береді.
Жаңа балабақшаның ашылуы – Жағабұлақ тұрғындары үшін көптен күткен маңызды оқиға. Тұрғындардың айтуынша, бұл қадам ауылдың дамуына серпін беріп, жас отбасылар үшін қолайлы жағдай тудырады.