АЭА аумағында алғашқы зауыттардың құрылысына дайындық күшейтілді  

АЭА аумағында алғашқы зауыттардың құрылысына дайындық күшейтілді  

 

Облыс әкімі Асхат Шахаров «Ақтөбе» АЭА кеңсесіне барып, жобаларды іскеқосу және арнайы экономикалық аймақтың одан әрі дамуы мәселелерін талқылады.  

Кездесудің басында өңір басшысы облыста өткен «Aqtobe Investment Forum – 2025» форумына қатысушылардың қызығушылығы жоғары болғанын, бұл аймақтың инвестициялық әлеуетіне деген сенімді растайтынын атап өтті.  

Жиында сөз алған «Ақтөбе» АЭА басқарушы компаниясы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Мақсат Айтымбетовтің айтуынша, жалпы құны 82,3 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жобадан тұратын пакет қалыптастырылған. Оларды іске асыру нәтижесінде 960 тұрақты жұмыс орны құрылып, өндірістік нысандар 66 гектар аумақты қамтиды. Бұдан бөлек, субаймақта жалпы құны 619,2 млрд теңге екі ірі жобаны жүзеге асыру көзделген. Олар 2 000 жаңа жұмыс орнын ашуғамүмкіндік береді. Аталған бастамалардың жүзеге асуы өңірдіңөнеркәсіптік әлеуетін едәуір күшейтіп, экономикалық өсімге қосымша серпін бермек.

  Болашақ өндірістер қатарында жылу оқшаулағыш материалдар мен жеке қорғаныс құралдарын шығару, жүк және арнайы техниканы құрастыру, еден жабындары, керамикалық мембраналар, арматура, майлау материалдары, ламинат пен жеделсатылардың өндірісі, сондай-ақ пайдаланылған майларды қайта өңдеу бар. Инвесторлардан АЭА қатысушысы болуға дайын екендігін растайтын бес ресми хат алынған.   Мақсат Айтымбетов техникалық шарттарды алудан бастап, 2026 жылдың қараша айында құрылыс-монтаж жұмыстарының кезең-кезеңіменбасталуына дейінгі жеті кезеңнен тұратын инфрақұрылымды дамыту жоспарын да таныстырды.  

Облыс әкімі инфрақұрылымды әзірлікке келтіру мерзімдері мен сапасына қатысты бірқатар мәселе көтерді. Асхат Шахаров электржелілеріне қатысты жұмыстардың созбаланып кеткенін және жобалық құжаттаманы рәсімдеу қарқынының баяулығын сынға алды.  

Берілген тапсырмалардың орындалуын бақылау және барлық процесті үйлестіру үшін өңір басшысы өз орынбасары Абзал Әбдікәрімовтің жетекшілігімен жедел штаб құруды тапсырды. Штаб апта сайын жиналып, АЭА аумағында алғашқы зауыттардың құрылысы басталғанға дейін жұмыс істейді.  

«Біздің алдымызда арнайы экономикалық аймақ аумағында жобалардың уақытылы іске қосылуын қамтамасыз ету және инвесторларды тарту үшін жағдай жасау міндеті тұр. Барлық процесс жүйелі, еш кідіріссіз және жұмыс кезеңдерінің нақты жоспарымен ұйымдастырылғаны маңызды. Осыған байланысты жауапты құрылымдарға қысқа мерзімде егжей-тегжейлі жол картасын әзірлеп, бекітуді тапсырамын. Онда негізгі кезеңдер, орындалу мерзімдері және жауапты тұлғалар көрсетілуі тиіс. Бұл құжат алдағы жұмысымыздың негізі болады. Сондай-ақ жол картасында қарастырылған барлық іс-шара сапалы әрі дәл мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын», – деп атап өтті облыс әкімі.