
«Күміс жас» жобасы – 50 жастан асқан, бірақ зейнеткерлік жасқа жетпеген жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыруға бағытталған, еңбекақысы мемлекет тарапынан субсидияланатын әлеуметтік маңызы жоғары бағдарлама. Жоба шеңберіндегі жұмыстың мерзімі 36 айдан аспайды, ал жоба аяқталған соң қатысушыларға зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орны ұсынылады. Жалақы мөлшерін жұмыс беруші белгілеп, өзі төлейді, ал мемлекет қолдау ретінде оның бір бөлігін өтейді: алғашқы 12 айда – 70%, 13–24 айлар аралығында – 65%, 25–36 айлар аралығында – 60%. Субсидия мөлшері 30 АЕК-тен аспайды.
2025 жылы Ақтөбе облысында осы жоба аясында 1 225 азамат жұмысқа орналастырылды. Жобаның табысты жүзеге асуына мысал ретінде 39 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі педагог Мейрамгүл Қосжановадан бастауға болады. 2025 жылдың 30 шілдесінен бастап ол Ақтөбе қаласының Мансап орталығының жолдамасымен «Альфа» оқу орталығында бастауыш сынып оқушыларына қосымша сабақ өткізіп келеді. Бұған дейін Хромтау қаласындағы №3 орта мектепте қызмет еткен педагог жоба тиімділігін жоғары бағалап отыр.
Тағы бір үлгі – Сауле Байтлеева. Ол 2025 жылдың қаңтар айында Мансап орталығы филиалына жүгініп, «Мүгедек балалардың құқықтарын қорғау» қоғамдық бірлестігіне «Күміс жас» жобасы арқылы шаштаразшы болып жұмысқа орналасқан. Жұмыс барысында жоғары жауапкершілігі мен кәсіби шеберлігін көрсеткен ол жобаға қатысуын сәтті аяқтап, аталған ұйымға тұрақты жұмысқа қабылданды.
Бұл мысалдар «Күміс жас» жобасының еңбек нарығында жаңа мүмкіндіктер ашып, аға буын өкілдерін қолдаудың тиімді құралы екенін айқын дәлелдейді.