
Алға қаласында орталық стадионның қайта жөндеу жұмыстары аяқталып, нысан қолданысқа берілді, деп хабарлайды Алға ауданының әкімдігі.
Қайта жаңғырту жұмыстары 2025 жылдың тамыз айында басталып, қараша айында аяқталды. Құрылысты «Алыс Строй Комплект» ЖШС жүргізсе, техникалық қадағалаумен «Оразбай-2005» компаниясы айналысқан. Жөндеу аясында футбол алаңының жабыны жаңадан төселді, жүгіру жолдары қайта салынды.
Сонымен қатар жарықтандыру жүйесі жаңартылып, инфрақұрылым, яғни шағын футбол мен баскетбол алаңдары және көрермендерге арналған орындықтар толықтай ретке келтірілген. Жаңа стадион тұрғындардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Жаңартылған орталық стадионды іске қосу рәсіміне аудан әкімі Асланбек Шүйіншалиев, спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов, спорт ардагерлері мен спортсүйер қауым қатысты.
Алға ауданында 102 спорт нысаны жұмыс істейді. 1500 орындық 1 стадион, 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, хоккей корты, 7 спортзал, жүзу бассейні және 28 білім беру ұйымындағы спорт залдары бар.
Ауданда 22 мыңдай адам дене шынықтырумен айналысады, бұл жалпы халықтың 47,5 пайызын құрайды. Алға балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 13 спорт түрі бойынша 893 бала жаттығады. Бұған қоса, Бестамақ және Үшқұдық ауылдарындағы спорт кешендері де жұмыс істеп тұр.
Әкімдіктің мәліметінше, жаңартылған стадион бұқаралық спортты дамытуға және жастардың спорттық әлеуетін арттыруға серпін береді.