Ақтөбе облысы мен ҚХР Шаньси провинциясының инвестициялық ынтымақтастығы нығайып келеді

Ақтөбе облысы мен ҚХР Шаньси провинциясының инвестициялық ынтымақтастығы нығайып келеді

 

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров халықаралық инвестициялық форумға қатысу үшін өңірге келген Қытай Халық Республикасының Шаньси провинциясынан келген делегациясымен кездесті. Айта кетейік, өңір басшысы биылғы жылдың сәуір айында Шаньси провинциясына іссапармен барып, екіжақты әріптестік бағыттарын талқылаған болатын.

Кездесуге ҚХР-дың мемлекеттік, қаржы және өнеркәсіптік құрылымдарының өкілдері қатысты. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты тереңдету, экономикалық байланыстарды нығайту және Ақтөбе облысы аумағында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады.

Асхат Шахаров қытайлық делегация мүшелеріне аймаққа жасаған сапары мен белсенді қызығушылығы үшін алғыс білдіріп, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастар ұзақ жылдар бойы өзара құрметке, тату көршілікке және стратегиялық әріптестікке негізделіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қытай – Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінің бірі, ал Ақтөбе облысы мен қытайлық инвесторлар арасындағы ынтымақтастық тұрақты оң қарқынмен дамуда.

Басқосу барысында ағымдағы инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Бүгінде өңірде қытайлық инвесторлардың қатысуымен жалпы құны шамамен 1,2 трлн теңгені құрайтын алты ірі жобаны іске асыру жоспарлануда. Олардың қатарында карбамид өндіретін газ-химия кешенінің құрылысы, «Бенкала» кен орнында мыс концентратын өндіретін фабрика, «QazCement Industries» ЖШС-ның цемент зауыты және өзге де жобалар бар.

Қытай Халық Республикасының делегациясы жылы қабылдау үшін алғыс білдіріп, Ақтөбе облысын Қазақстандағы бірлескен экономикалық жобаларды кеңейтуге ең перспективалы өңірлердің бірі ретінде қарастыратынын атап өтті. Олар сондай-ақ өнеркәсіп, жоғары технологиялар және энергетика салаларындағы жаңа инвестициялық бастамаларды қолдауға дайын екендерін жеткізді.