Отандық және шетелдік дизайнерлер Ақтөбеде ұлттық сән фестивалінде топтамаларын көрсетті

Отандық және шетелдік дизайнерлер Ақтөбеде ұлттық сән фестивалінде топтамаларын көрсетті

 

«Сыбаға – 2025» ұлттық дәстүрлер фестивалі  Өнер орталығының алдында өткен «Алтыбақан» мәдени ойын-сауық бағдарламасымен басталды. Ұлттық ойындар мен дәстүрлі әуендер тоғысқан, ұлттық нақышқа толы сахналық көріністер фестивальдің басталуына сән беріп, келген жұртшылықты өнер мерекесінің рухына бөледі.

Этнофестивальдің ашылу салтанатында облыс әкімі Асхат Шахаров құттықтау сөз сөйлеп, «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалінің аймақта екінші жыл қатарынан өткізіліп отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, 4–6 желтоқсан күндерін қамтитын фестивальдің әр күні ұлттық рухани құндылықтарды дәріптейтін бағдарламаларға құрылған.

Еске салайық, фестивальдің бірінші күні – «Тағылым»; екінші күні – «Дәстүрлер жаңғырығы»; Үшінші күні – «Салбурын» атауымен белгіленген. Тағы бір маңызды шара - 4–6 желтоқсан күндері ауыл-аймақтарда соғымның дәстүрлі сыбағасы таратылып, үлкен-кішіге құрмет көрсетілуінде.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында  «Өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет» - деп атап өткен болатын.  Салт-дәстүр – адамзат үшін ілгерілеудің сарқылмас қайнар көзі. Ғылыми-техникалық прогресс қанша дамығанымен, қолда бар жетістіктердің іргетасын қалаған құндылықтардан бас тартуға болмайтындығын өскелең ұрпаққа жеткізу басты міндет», - деді өңір басшысы. 

Айтып өту керек, Ақтөбеде өтіп жатқан халықаралық инвестициялық форум аясында 20 мемлекеттен келген делегация және 7 елші шараға қатысты. Әкім қонақтарға ризашылығын білдіріп, ұлттық мәдениетті дамытуға атсалысып жүрген шеберлер мен өнерсүйер қауымға алғысын жеткізді.

Ұлттық болмысымызды дәріптеп, ата-бабадан мирас болған рухани қазынаны заманауи үлгіде насихаттауға бағытталған этнофестиваль аясында «Дәстүрлер жаңғырығы» атты үлкен концерттік бағдарлама өтті.

Бағдарлама барысында көрермендерге халық әндері, жыр-дастандар, күйлер, ұлттық аспаптық композициялар, сондай-ақ отандық дизайнерлердің этностильдегі топтамалары ұсынылды.«Тәрбия», Мейрамгүл Таубатырова, Қырғызстаү Республикасынан Гүлмира Акматова, Сәбина Күнкей, маңғыстаулық Жаннар Меңдіқұлова, Инабат Ескендір сынды дизайнерлердің топтамалары ұлттық киім мәдениетінің әсем өрнегін паш етті.

Концерттің шарықтау шегі – Қазақстанның халық әртісі Тамара Асардың орындауындағы әсем әндер болды. Көрермен қауым белгілі әншінің өнерін зор ықыласпен қабылдады.

«Сыбаға – 2025» фестивалінің «Дәстүрлер жаңғырығы» концерті ұлттық өнердің кең тынысын көрсетіп, дәстүр мен жаңашылдықты үйлестірген толыққанды мәдени іс-шара ретінде жоғары бағаланды.