
Фестивальдің бірінші күні «Тағылым» деп аталды. 4 желтоқсанда білім беру ұйымдарында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін танымдық сабақтар мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.
Мәселен, №51 гимназия қазақ мәдениетінің ерекше атмосферасына бөленді. Мұнда «Салт пен сана» көрмесі өтіп, 3–10 сынып оқушылары ұлттық дәстүрлердің қыр-сырымен танысты.
Гимназия холында зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдер мен көне тұрмыстық заттар қойылып, келушілер халқымыздың өткеніне үңілуге мүмкіндік алды. Ал арнайы шығармашылық алаңдарда оқушылар киіз басу, тоқу, ағаш ою, әшекей бұйым жасау және былғары өңдеу бойынша шеберлік сабақтарына қатысты. Балалар өз қолымен алғашқы туындыларын жасап, қолөнерге қызығушылық танытты.
Көрме барысында домбыра үні күмбірлеп, оқушылар шешендік өнер сайысына қатысты. Интерактивті аймақта балалар көне қазақ ойындарын ойнап көріп, олардың әлі де қызық әрі тәрбиелік мәні жоғары екенін атап өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар оқушыларға ұлттық мәдениетке жақындауға, өз тамырын сезінуге мүмкіндік береді.
Этнофестиваль аясында өткен көрме жас ұрпаққа қазақ дәстүрінің тереңдігін танытып, өнер мен мәдениеттің мәңгілік құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.