AQTOBE INVESTMENT FORUM – 2025: Өңір басшысы бірқатар екіжақты кездесу өткізді

AQTOBE INVESTMENT FORUM – 2025: Өңір басшысы бірқатар екіжақты кездесу өткізді

 

Халықаралық «AQTOBE INVESTMENT FORUM – 2025» инвестициялық форумы аясында облыс әкімі Асхат Шахаров шетел мемлекеттерінің дипломатиялық және Ресейдің өңірлік ведомстволарының өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Келіссөздерге Австрия, Әзербайжан, Армения, Үндістан, Малайзия, Хорватия елшілері және Ресей Федерациясының өңірлік мемлекеттік органдарының ресми өкілдері қатысты.

Кездесулер барысында тараптар экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын, өзара сауданы дамыту, бірлескен өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Асхат Шахаров Қазақстанның серіктестермен конструктивті саяси диалогті қолдайтынын және сауда-экономикалық, өнеркәсіптік және инновациялық салалардағы өзара қатынастарды кеңейтуге тұрақты қызығушылық танытатынын алға тартты.

«Ақтөбе облысы – шетелдік серіктестермен экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге айтарлықтай әлеуеті бар өнеркәсіптік өңірлердің бірі. Аймақ өндіріс, жоғары қосылған құны бар өнім экспортын дамыту, соның ішінде мұнай-химия, металлургия, тамақ, химия, фармацевтика және басқа да салалар бойынша кең мүмкіндіктер ұсына алады. Біз бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, инвестиция тартуға, өндірістік алаңдар құруға және сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге дайынбыз», – деді облыс әкімі келіссөздер кезінде.

Тараптар сауда-экономикалық байланыстардың тұрақты өсімін атап өтіп, экспорттық жеткізілімдерді кеңейту, бірлескен жобаларды іске асыру және жаңа өндірістік пен инвестициялық алаңдар құру арқылы өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.