Ақтөбе облысы Беларусь Республикасымен ынтымақтастықты нығайтуда

Ақтөбе облысы Беларусь Республикасымен ынтымақтастықты нығайтуда

 

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров «AQTOBE INVESTMENT FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы аясында Қазақстандағы Беларусь Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Богдановпен кездесті.

Кездесу өңір мен беларусьтік серіктестер арасындағы жан-жақты және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылауға арналды.

«Қазақстан Беларусь Республикасымен өзара қатынастарды дамытуға үлкен мән береді. Біздің елдер – стратегиялық серіктестер және сенімді одақтастар, олар белсенді саяси диалог пен тығыз экономикалық өзара іс-қимылды қолдайды», – деді өңір басшысы.

2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Актөбе облысы мен Беларусь арасындағы тауар айналымы 38,8 млн АҚШ долларын құрады. Әкім екіжақты сауданы кеңейтуге, өзара жеткізілімдердің аясын ұлғайтуға және түрлі салаларда бірлескен жобаларды іске асыруға үлкен әлеует бар екенін тілге тиек етті.

Ақтөбе облысы – дамыған өнеркәсіптік базасы және қолайлы инвестициялық ахуалы бар, Қазақстанның ең ірі индустриялық орталықтарының бірі. Асхат Шахаров өңірдің Беларусь елінің компаниялармен ынтымақтастыққа ерекше қызығушылық танытып отырған бағыттарын егжей-тегжейлі таныстырды. Олар – машина жасау және техника өндіру, агроөнеркәсіп кешені және ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу, химия өнеркәсібі, құрылыс, тамақ өнімдерін шығару, фармацевтика саласы, сондай-ақ жоғары қосылған құны бар бірлескен өндірістер құру.

Әкім «KazFood» ЖШС жобасына баса назар аударды. Алдағы форумда «Ақтөбе облысында балалар тағамын өндіру жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру туралы өзара түсіністік туралы меморандумға» қол қою жоспарлануда. Оның айтуынша, бұл жоба өңірдің қайта өңдеу индустриясын дамытуға маңызды қадам болып, өнеркәсіптік кооперацияның табысты үлгісіне айналады.

Алексей Богданов Ақтөбе облысы мен Беларусь арасындағы экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтудың маңызын атап өтіп, бірлескен бастамаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.

Тараптар ауыл шаруашылығы бизнесін Беларусьтің тәжірибесі мен технологияларын пайдалана отырып тұрақты әрі табысты етуге көмектесетін «Зубр Агро» ЖШС аясындағы беларусь кәсіпорындарымен өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Компания кез келген күрделіліктегі жобаларды – фермалар салудан бастап, жем-шөп шешімдерін енгізуге дейін іске асырады, жабдықтарға сервистік және кепілдік қызмет көрсетеді, мал, премикстер, ветеринариялық препараттар жеткізеді және мамандарды Беларусьте озық технологияларды оқыту арқылы даярлайды.

Кездесу барысында дәнді дақылдар секторы, жер пайдалануды оңтайландыру, жем-шөп өндіру және ауыл шаруашылығы жобаларын қаржылық қолдау бағыттарында бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндіктері де қарастырылды.

Өңір басшысы беларусьтік серіктестермен белсенді ынтымақтастық облысқа өнеркәсіпті жедел дамытуға, өнім сапасын арттыруға, заманауи технологияларды енгізуге және білікті кадрлар тартуға көмектесетініне сенім білдірді.