Ақтөбе облысында автожолдарды жөндеу және қайта жаңарту жобалары табысты жүзеге асырылуда

Ақтөбе облысында автожолдарды жөндеу және қайта жаңарту жобалары табысты жүзеге асырылуда

 

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында өңірдегі жол жобаларының іске асырылу барысы қаралды.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың хабарлауынша, биыл облыста жалпы ұзындығы 918 шақырымды құрайтын 200 жол жобасы іске асырылды. Барлығы 711,8 шақырым жол жөнделді.

Жүзеге асырылған жобалардың 14-і республикалық маңызға ие  жолдарға тиесілі, олардың жалпы ұзындығы – 252 шақырым. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 84%-тен 90%-ке дейін өсті.

Жергілікті маңыздағы жолдар бойынша жалпы ұзындығы 460 шақырым 186 жоба іске асырылып, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 78%-тен 82%-ке артты.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Айбол Данағұлдың айтуынша, 2025 жылы республикалық маңыздағы жолдарды қайта жаңарту және жөндеуге 61,4 млрд теңге бөлінген.

Биыл «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолының 28,1 шақырым учаскесі қайта жаңартудан өтті, Жем өзені арқылы өтетін көпірге күрделі жөндеу жасалды, 12 нысанда орташа жөндеу жүргізіліп, 252 км асфальтбетон жамылғысы төселді. Сондай-ақ «Әлімбет» бақылау-өткізу пункті реконструкцияланды, «Самара-Шымкент» және «Хромтау-Қарабұтақ» жолдарына жалпы ұзындығы 30,2 шақырымға, ағымдағы жөндеу жүргізілді.

Келер жылы Қауылжыр ауылы маңындағы көпірге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған, жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 328 шақырымдық 7 нысанда орташа жөндеу жоспарлануда.

Асхат Шахаров жол желісін дамыту және аулаларды абаттандыру өңір тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті.

«Жол шаруашылығы – инфрақұрылымның негізгі элементтерінің бірі, ал жақсы жолдар облыс экономикасының дамуына ықпал етеді. Біз оң нәтижелерді көріп отырмыз, әрі жөндеу жұмыстарының сапасына және қозғалыс қауіпсіздігіне ерекше назар аударамыз», – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы биыл 46 жол инфрақұрылымы нысанын салу және жөндеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілгенін сөз етті. Бұл мақсаттарға Ұлттық қордан, республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттерден 94,6 млрд теңге бөлінген.

Жоспарланған жұмыстардың ішінде Елек өзенінің үстіндегі көпірден «Ақтөбе-Орск» автожолына дейінгі жолдың реконструкциясы, Кірпішті тұрғын алабындағы және Зинченко көшесіндегі көпірлерді жөндеу аяқталды. Кірпішті, Ясный-2 тұрғын алаптарында және «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған мектептерге кіреберіс жолдар толық салынып бітті (Жаңақоныс-2, Бауырластар-3, Сазды, Саяжай және басқа да тұрғын алаптары).

Бірқатар нысанда тротуарлар салу, жарықтандыру және асфальтобетонның үстіңгі қабатын төсеу жұмыстары жалғасуда, кейбір жобалар – өтпелі.

Құны 14,02 млрд теңгені құрайтын төрт нысанда күрделі жөндеу жүргізілуде, ал орташа жөндеу 36 көшені қамтиды, олардың жалпы ұзындығы – 59,09 шақырым. Көптеген нысанда асфальттың төменгі қабаты төселіп, тротуарлар мен ливневка жүйесін орнату жұмыстары атқарылып жатыр.

Облыс әкімі аулаларды кешенді абаттандыруға баса назар аударылатынын айтты. Жалпы 100 аула жаңғыртылмақ, олардың 94-інде жұмыстар толық аяқталған. Орындықтар, бордюрлар, тротуарлар, жарықтандыру тіректері орнатылды, асфальттауға арналған негіз дайындалды.

«Жол желісін дамыту және аулаларды абаттандыру – бұл жай ғана инфрақұрылымдық жобалар емес, бұл өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыру. Біз нақты нәтижелерді көріп отырмыз: жолдар салынып жатыр, жөндеу жұмыстары жалғасуда, аулалар жаңарып келеді. Қауіпсіздікке, жарықтандыруға және жаяу жүргіншілердің қолайлылығына ерекше мән беріледі. Жүйелі жұмысты жалғастыра отырып, біз жобалардың орындалуын және қаржыландыру кестесінің сақталуын қатаң бақылауда ұстаймыз. Әр нысан бойынша – мейлі жол, көпір немесе аула болсын – нақты жоспар мен жауапты орындаушылар бар. Басты мақсат – әрбір ақтөбеліктің өз ауласында және қала жолдарында жайлы әрі қауіпсіз сезінуі. Бұл жобалар – Ақтөбе облысының болашағына қосқан үлесіміз», – деді өңір басшысы.

Асхат Шахаров жобалардың мерзімінде пайдалануға берілуі мен оның сапасы қатаң бақылауда екенін, талаптарды бұзғандар жауапкершілікке тартылатынын ескертті.