
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде биылғы жылдың 10 айындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы қаралды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының 2025 жылғы қараша айына берген деректеріне сәйкес, экономикалық өсім 103,6%-ды құрап, өңірдегі тұрақты макроэкономикалық жағдайды көрсетеді.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов атап өткендей, өнеркәсіп өнімінің барлық салалар бойынша физикалық көлем индексі 101,3%-ға тең. Ауыл шаруашылығы 101,8% көлемінде өсім көрсетуде. Құрылыс жұмыстарының көлемі 117%-ға жетіп, облыстың инфрақұрылымдық дамуын қамтамасыз етуде. Тұрғын үйді пайдалануға беру 103,5%-ды құрады. Көлік және қоймалау саласында өсім – 110,3%, ал көтерме және бөлшек сауда айналымы – 102,1%.
Баса назар өңір дамуының негізгі драйвері – инвестициялық салаға аударылды. 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облысқа 892,1 млрд теңге инвестиция тартылып, 181 млрд теңге көлеміндегі 9 жоба іске асырылды. Бұл жаңа жұмыс орындарын құруға және инфрақұрылымды дамытуға ықпал етеді.
Сонымен қатар «AMANAT» партиясының Жол картасын орындау бойынша жұмыс белсенді жүргізілуде. 2025 жылы 115 тармақты орындау жоспарланған, олардың басым бөлігі қазірдің өзінде жүзеге асырылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуде.
Дегенмен, бірқатар ауданда құрылыс көлемінің төмендеуі, инвестициялық жоспардың орындалмауы, өңдеу өнеркәсібіне мүлде инвестиция тартылмауы және салалық басқармалардың инфляцияны тежеу бойынша тапсырмаларды орындамауы байқалады. Осы себепті жауапты аудан әкімдері мен басқарма басшыларының орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылып, жыл аяқталғанға дейін нақты түзету шараларын қабылдау тапсырылды.
Асхат Шахаров барлық салалық басқармалар мен аудандық әкімдіктерге ағымдағы жобалар, инвестициялар және даму жоспарларын іске асыру жұмыстарын жалғастыру қажеттігін атап өтті. Бұл өңірдің әлеуетін толық пайдалануға және экономиканың, тұрғындар әл-ауқатының өсуіне мүмкіндік береді.