Елдегі инклюзивті білімді дамытуға бағытталған маңызды қадам – «Сауатты бала» және «Дыбыстар әлемі» қосымшалары пайдалануға дайын

Елдегі инклюзивті білімді дамытуға бағытталған маңызды қадам – «Сауатты бала» және «Дыбыстар әлемі» қосымшалары пайдалануға дайын

 

Ақтөбеде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған алғашқы қазақ тіліндегі «Сауатты бала» және «Дыбыстар әлемі» мобильдік қосымшалары таныстырылды. Қосымшалар Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2023–2025 жылдарға арналған гранттық қаржыландыруы негізінде Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғалымдары әзірлеген жоба аясында жасалды.

Ақтөбе облысында ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар саны соңғы жылдары айтарлықтай артқан: 2023 жылы – 8 091, 2025 жылы – 9 774 бала. Қазақ тіліндегі заманауи цифрлық контенттің тапшылығы жаңа мобильдік платформаларды дайындаудың өзектілігін күшейтті.

Қосымшаларда сөйлеу, артикуляция, фонематикалық қабылдау және байланыстырып сөйлеу дағдыларын дамытуға арналған интерактивті жаттығулар мен визуалды материалдар ұсынылған. Тәжірибе нәтижелері балалардың сөздік қоры мен коммуникативтік қабілеттері жақсарғанын көрсетті. Жоба педагогтар мен ата-аналар тарапынан оң бағасын алды.