Аймақ басшысы азаматтарды жеке қабылдады

Аймақ басшысы азаматтарды жеке қабылдады

 

Өңір тұрғындары облыс әкімі Асхат Шахаровқа әлеуметтік, тұрғын үй және коммуналдық мәселелер бойынша жүгінді.

Қабылдау «Amanat» партиясының облыстық филиалының ғимаратында өтті.

Әкіммен кездесуге зейнеткерлер, көпбалалы аналар, жалғызбасты аналар, мүгедектігі бар азаматтар және тұрмыстық әрі инфрақұрылымдық қиындықтарға тап болған қала тұрғындары келді. Өтініштердің негізгі бөлігі әлеуметтік қолдау, тұрғын үй жағдайын жақсарту, жер телімдерін бөлу және коммуналдық инфрақұрылымның жай-күйіне қатысты болды.

Бірнеше азамат – ақтөбелік зейнеткер әйел, көпбалалы ана және ерекше қажеттілігі бар баланың анасы – тұрғын үй мәселесін шешуге жәрдемдесуді сұрады. Облыс әкімі тұрғын үй беру тек кезек тәртібімен және қолданыстағы заңнама аясында жүзеге асырылатынын атап өтті.

Тұрғындардың бірі сирек ауруға шалдыққан қызына, Қазақстанда жасалатын операцияға квота жоқ екенін айтты. Асхат Шахаров денсаулық сақтау басқармасына мәселені ведомствоаралық тетіктер арқылы шешу мүмкіндігін және республикалық орталықтарда консультация ұйымдастыруды тапсырды.

«Баянауыл» алқабының тұрғыны газ және су жүйесінің жоқтығын көтерді. Жұмыссыз қала тұрғыны үйге техникалық паспорт рәсімдеуге көмек сұрап, бұл процесті өз бетінше жүргізу қиын екенін алға тартты.

Жоғары көлік жүктемесі бар орындарда қосымша аялдама павильондарын салу және автотұрақ аймақтарын кеңейту қажеттігі туралы да ұсыныс айтылды. Қала тұрғыны жаңа аялдамалар орнату және қосымша тұрақ орындарын қарастыруды сұрады.

Екі ақтөбелік жер телімдерін бөлу туралы өтінішпен жүгінді. Оларға белгіленген тәртіппен кезекке тұру қажеттігі түсіндірілді.

Сонымен қатар, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Үміт Бақытжанқызы Жексембаева есімін Қазақстанның тарихи тұлғаларымен бірге ұлықтау туралы ұсыныс көтерілді. Бұл өтінішпен оның туған апасы жүгінді. Облыс әкімі мәселенің ономастика комиссиясының отырысында қарастырылатынын жеткізді.

Қабылдау қорытындысы бойынша өңір басшысы облыстық басқармалар мен қалалық қызметтердің басшыларына азаматтардың өтініштерін жедел зерделеуді тапсырды. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлер сияқты әлеуметтік осал топтардың мәселелеріне ерекше назар аудару жүктелді.

Азаматтардың өтініштері құзырлы органдармен зерттеліп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралады.