
Өңір басшысы Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысында облыста мемлекеттік рәміздерді пайдалану және насихаттау бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері қаралды.
Іс-шараға құқыққорғау органдарының өкілдері, басқармалар мен департаменттердің басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері қатысты.
Ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Бәйнешов 2025 жылы жүргізілген зерделеу жұмыстары туралы мағлұмат берді. Оның айтуынша, биыл 144 мемлекеттік мекеме мен ұйым тексеруден өткен, қараша айында Алға, Шалқар және Байғанин аудандарында мониторинг жүргізілген.
Мониторинг барысында Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның орналастырылуының белгіленген талаптарға сәйкестігі, рәміздердің күтімі және оларды жарықтандыру мәселелері тексерілді.
Тексеру нәтижесінде бірқатар бұзушылық анықталыпты, атап айтқанда, тозған және өңі кеткен рәміздерді уақытылы ауыстырмау, оларды орналастыру талаптарының сақталмауы, бірқатар ауылдық әкімдіктерде Мемлекеттік Елтаңба мен Тудың болмауы, Ту мен Елтаңбаның эстетикалық талаптарға сай келмеуі, түнгі уақытта Туды жарықтандырудың болмауы, мөрлердің ұлттық стандарттарға сәйкес келмеуі. Әлібек Бәйнешов 2018 жылдан бері Қазақстан Елтаңбасындағы жазу латын әліпбиімен «QAZAQSTAN» болып бекітілгенін еске салды.
Анықталған бұзушылықтарды 2025 жылғы 15 желтоқсанға дейін жою және облыстық ішкі саясат басқармасына есеп тапсыру, сондай-ақ ұлттық стандарттарға сай келмейтін мемлекеттік рәміздерді ауыстыру және кәдеге жарату бойынша әр ұйымға комиссия құру жөнінде ұсынымдар берілді.
Алға, Шалқар және Байғанин аудандарының әкімдері өз сөздерінде биыл аудандарда мемлекеттік рәміздерді пайдалану және насихаттау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілгенін атап өтті. Мекемелерге мониторинг жасалды, анықталған кемшіліктер жойылды, тулар, елтаңбалар және стендтер жаңартылды, сондай-ақ халық пен білім беру ұйымдары үшін патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Олар рәміздерді орналастырудағы ұлттық стандарттардың сақталуы, олардың жағдайы мен жарықтандырылуына бақылау жасау, сондай-ақ мемлекеттік рәміздерге құрмет қалыптастыру үшін түсіндіру жұмыстарын жалғастырудың маңыздылығын алға тартты. Мониторинг барысында анықталған барлық кемшіліктердің белгіленген мерзімде жойылатынына сендірді.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша өңір басшысы Асхат Шахаров мемлекеттік рәміздердің жағдайына тұрақты бақылау жасауды және оларды насихаттау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
«Мемлекеттік рәміздер – біздің мақтанышымыз және тәуелсіздіктің берік негізі. Ту, Елтаңба және Әнұран халқымыздың тарихын, мәдениеті мен бірлігін бейнелейді, сондықтан құрметпен қарау әрі ұқыпты қолдану - басты міндет. Біз азаматтарда, әсіресе жастарда, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті олардың жағдайына ұқыптылықпен қарау және кеңінен тарату арқылы тәрбиелеуіміз керек», – деп атап өтті өңір басшысы.