Ақтөбеде жаңа театрдың құрылысы жүріп жатыр

Ақтөбеде жаңа театрдың құрылысы жүріп жатыр

Ақтөбеде 700 орындық заманауи облыстық драма театрының құрылысы жүріп жатыр. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының ақпараты бойынша, бүгінгі күні астыңғы бетон қабаты төселіп, іргетасы қалануда. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2 жылда аяқталуы тиіс.

81 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ескі театр ғимараты 2020 жылы күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі уақытта онда екі театр труппасы жұмыс істейді — қазақ және орыс. Айта кетейік, театр әрдайым ақтөбеліктердің сұранысына ие.

Жаңа театрдың қажеттілігі туралы Мемлекет басшысы өңірге сапары кезінде атап өткен болатын. Ғимарат "Алтын Орда" шағын ауданында салынады. Жаңа театрда екі зал, сахнада бұрылыс шеңбері, сондай-ақ гримерлер мен костюмерлерге арналған кең бөлмелер болады. Сондай-ақ театрдың жанында үлкен саябақ салу жоспарлануда. Жоба «Алтын орда» әлеуметтік-іскерлік орталығының аумағында болады. Бұл орталықта театрдан бөлек 35 мың көрерменге арналған стадион, 5000 орындық спорт кешені бой көтереді.