Өңірде экологияны жақсарту үшін полигондар мен техниканы цифрландыру жүргізіледі

Өңірде экологияны жақсарту үшін полигондар мен техниканы цифрландыру жүргізіледі

 

Өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін полигондарды, сондай-ақ қалдықтарды жинау және сұрыптауға арналған жабдықтар мен техниканы цифрландыру жүргізіледі.

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетовтің айтуынша, облыста 319 елді мекен бар. 15 тіркелген полигон жұмыс істейді. Заңды полигондардың жобасы, жер актісі және экологиялық рұқсаты бар.

Қазіргі уақытта Бадамша, Шұбарқұдық, Ырғыз, Ойыл, Т. Жүргенов, Қарабұтақ ауылдарында алты жаңа полигон салуға құжаттар әзірленуде.

Облыс орталығында бес қайталама шикізат қабылдау пункті жұмыс істейді. Қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу саласында 15 шағын және орта бизнес субъектісі қызмет атқарады, олардың алтауы қайта өңделген материалдардан өнім шығарады: автомобиль шиналарынан резеңке түйіршіктер, макулатура, полиэтилен, электронды техника қалдықтары және шыныдан жасалған бұйымдар.

Биыл «Capital Plast KZ» ЖШС қайта өңделген шикізаттан қағаз және картон өндіруді іске қосты. Сондай-ақ республикалық инвестициялық штабта «Ақтөбе шыны» ЖШС-ның шыны қалдықтарын қайта өңдеу зауытын салу жобасы қаралуда.

«Облыс орталығы мен аудандарда қалдықтарды жинау, шығару, сұрыптау және көму тарифтері, сондай-ақ коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламалары бекітілуі тиіс. Тарифтер барлық жерде бекітілген, бірақ бағдарламалар тек Ақтөбе қаласы мен алты ауданда әзірленген. Қалғандары бағдарламаларды жыл соңына дейін аяқтауы қажет», – деді Исатай Еспағанбетов.

Цифрлық трансформация аясында жыл соңына дейін ТҚҚ объектілері толық цифрландырудан өтеді: полигондардың жер актілері, жобалары және рұқсаттары туралы мәліметтер, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу жөніндегі ақпарат енгізіледі, қоқыс таситын көліктерге GPS орнатылады, барлық деректер арнайы порталдарға жүктеледі.

Ғарыштық мониторинг деректеріне сәйкес, 2025 жылы 155 заңсыз қоқыс орны анықталған, оның тек 76-сы жойылған. Хромтау және Қарғалы аудандарында бірде-бір учаске ретке келтірілмеген.

Осыған байланысты өңір басшысы бірқатар жауапты тұлғаны тәртіптік жауапкершілікке тартты. Сондай-ақ, Асхат Шахаров полигондарды заңдастыруды жеделдетуді, заңсыз қоқыс орындарын жоюды, сұрыптау және қайта өңдеу объектілерін салуды және ТҚҚ басқару жүйесін цифрландыруды тапсырды. Әр аудан бір ай ішінде қоқыс орындарын жоюдың нақты кестесін, полигондарды заңдастырудың жол картасын және қайта өңдеуді дамыту бойынша ұсыныстарын ұсынуға тиіс.

«Мемлекет басшысы қойған цифрлық трансформация міндетіне сәйкес, жыл соңына дейін қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істейтін объектілерді толық цифрландыруымыз керек: полигондардың жер актілерін, жобаларын және рұқсаттарын, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу жөніндегі деректерді порталдарға енгізу, ал қоқыс таситын көліктерге GPS-навигаторлар орнату қажет.

Бұл бізге қоқысты жинау мен шығаруды нақты уақыт режимінде бақылауға, қалдықтарды қайта өңдеу кәсіпорындарының жұмыс тиімділігін арттыруға және заңсыз қоқыс орындарын жоюды жылдамдатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, біз ТҚҚ бөлек жинауға арналған контейнерлер желісін кеңейтуді, құрылыс және көлемді қалдықтарды ұсақтауға арналған жабдық енгізуді, сондай-ақ облыстың ірі елді мекендерінде қосымша қайталама шикізат қабылдау пункттерін ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл шаралар қалдықтарды басқару жүйесінің тиімділігін арттырып, өңірдің экологиялық жағдайын түбегейлі жақсартуға бағытталған», – деп атап өтті облыс әкімі.