
Өнер орталығында өңірдің түкпір-түкпірінен келген 1200-ден астам жас жиналды.
Шара Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен облыстық жастар ресурстық орталығының бастамасымен ұйымдастырылды.
Жастар форумы қатысушыларға ел үшін маңызды құндылықтар туралы ашық айтуға және нақты табыс тарихынан шабыт алуға мүмкіндік беретін алаңға айналды. TEDx форматындағы баяндамалар кездесуді қысқа, мазмұнды әрі эмоцияға толы сөздерге ұластырды. Спикерлер өз тәжірибесімен бөлісіп, кеңес беріп, мотивация сыйлады.
Көрермен алдында облыс әкімі Асхат Шахаров, «Yandex Kazakhstan» компаниясының GR-директоры Мейірбек Мұқатов, Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актері Дәурен Серғазин, Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің бөлім меңгерушісі, «Шапағат» орденінің иегері Дархан Шанбаев, Heriot-Watt британдық университетінің Ақтөбедегі филиалының студенті Аида Кадын сөз сөйледі.
Спикерлер мансап жолын қалай бастағандарын, қиындықтарды қалай жеңгендерін және өз тәжірибелерімен бөлісті. Басты тақырыптар – патриотизм, еңбекқорлық, білімге құштарлық, инновациялық ойлау және белсенді азаматтық ұстаным.
Аудиторияның ерекше қызығушылығын облыс әкімі Асхат Шахаровтың сөзі тудырды. Ол балалық шағы, отбасы, мансаптағы алғашқы қадамдары және табандылық пен еңбексүйгіштік оған қалай жетістік әкелгені туралы айтты. Өңір басшысы ел тәуелсіздігі – әрбір жас терең түсінуі тиіс ең басты құндылық екенін атап өтті.
«Президент атап көрсеткен негізгі құндылықтарды қайта еске салғым келеді: Тәуелсіздік пен Патриотизм, Бірлік пен Ынтымақ, Әділдік пен Жауапкершілік, Заң мен Тәртіп, Еңбекқорлық пен Кәсіби шеберлік, Шығармашылық пен Жаңашылдық. Бұл – жай ғана сөздер емес. Олар сіздердің дүниетанымдарыңызда болуы, әрбір қадамыңыз бен шешіміңізге бағыт беруі тиіс. Осы құндылықтарды ұстану арқылы сіз өзіңізді ғана емес, еліңізді де күшейтесіз», – деп өңір басшысы жастарды жігерлендірді.
«Патриотизм – ең алдымен өзіңе, өз ісіңе, өз еліңе жауапкершіліктен басталады. Мен мектепте оқыған кезде, бүгінгі сіздерге беріліп отырған мүмкіндіктер болған жоқ. Бірақ бір нәрсе өзгермеді – табысқа тек өз-өзімен жұмыс жасаудан қорықпайтын адам ғана жетеді деген түсінік. Мен қарапайым отбасында өстім, ата-анам таң атпай еңбектеніп, біздің болашағымыз үшін жұмыс істеді. Бүгінгі менің жолым – олардың тәрбиесі, еңбекке, адалдыққа және тәртіпке деген сенімінің нәтижесі. Сондықтан әрқайсыңыз елге деген сүйіспеншілік тек үлкен сөздерден емес, ең алдымен күнделікті еңбектен, жақсы болуға, мықты болуға, ақылды болуға деген талпыныстан көрінетінін түсінгендеріңізді қалаймын. Осындай қадамдар елді күшейтеді, әрқайсысымызды күшейтеді», – деді әкім.
«Yandex Kazakhstan» компаниясының GR-директоры Мейірбек Мұқатов технология саласындағы мансап құру тәжірибесімен бөлісті. Ол тың идеялар мен жаңашылдыққа ұмтылудың, ешкім сенбесе де, жаңа нәрсе жасауға батыл болудың маңызын атап өтті.
Облыс прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев құқықтық мәдениеттің мәні туралы айтты. Ол заңдылық пен тәртіп – қоғам дамуының іргетасы екенін атап өтіп, жастарды әрқашан әділ болуға және өз таңдауының елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына әсер ететінін ұмытпауға шақырды.
Белгілі актер Дәурен Серғазин өз кәсібі мен өмірлік қағидаттары туралы әсерлі әңгіме айтты. Ол әділдік, адамдар мен өз ісіңе деген жауапкершілік, қандай жағдай болмасын адам болып қалудың маңызы жайлы сөз қозғады.
Форум «Мен Қазақпын» әнімен аяқталды. Ерболат Құдайбергеновтің орындауындағы бұл туынды ерекше рух беріп, залда әсерлі атмосфера қалыптастырды.
Жиынды қорытындылаған ұйымдастырушылар мен спикерлер жастарды Мемлекет басшысы бекіткен жалпыұлттық құндылықтар мен нышандарды сақтауға, «Әділетті Қазақстанды» бірге құруға, белсенді болуға, жаңа идеяларды іске асыруға, ел дамуына үлес қосуға шақырды.