Ақтөбеде арнайы экономикалық аймақты дамытудың Жол картасы әзірленеді

Ақтөбеде арнайы экономикалық аймақты дамытудың Жол картасы әзірленеді

 

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағын дамыту мәселелері қаралды.

Кездесу барысында инвестиция тарту шаралары, Үкімет қаулысымен құрылған арнайы экономикалық аймақты іске қосу жөніндегі жұмыстар, қажетті инфрақұрылымды дайындау мәселелері және инвесторлармен өзара іс-қимыл тетіктері талқыланды.

Отырысқа ZOOM платформасы арқылы қосылған «Ақтөбе» АЭА басқарушы компаниясының серіктес ұйымдарының өкілдері қатысты.

Асхат Шахаров Мемлекет басшысы мен Премьер-Министрдің өңірлерге инвестиция тарту жұмысын күшейтуді тапсырғанын атап өтіп, осы жағдайларда АЭА-ның тиімді іске қосылуы облыс үшін стратегиялық міндет болып саналатынын алға тартты.

Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібековтің мәліметінше, 10 айдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысына 892,1 млрд теңге инвестиция тартылған.

Қазіргі уақытта өңірде 93 инвестициялық жоба мониторингке алынған. Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа аясында жалпы құны 3,8 трлн теңгеге 55 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 35 өнеркәсіптік жоба, ауыл шаруашылығы саласында 13 жоба, шағын және орта бизнес бойынша 7 жоба бар. Бұл жобаларды іске асыру шамамен 8 000 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

«Жыл басынан бері өңірлік инвестициялық штабтың 10 отырысы және үйлестіру кеңесінің 9 отырысы өткізілді. Онда жобаларды іске асырудың проблемалық мәселелері қаралып, 12 инвестициялық жоба мен шағын индустриялық аймақтар құрудың 4 жобасы мақұлданды», — деді Досжан Әлібеков.

Жоспарланған шараларды іске асыру заманауи өндірістік және логистикалық инфрақұрылым қалыптастыруға, ірі инвестициялар тартуға, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп, Ақтөбе облысының экономикалық дамуына қуатты серпін бермек.

Баяндамашыларды тыңдаған өңір басшысы Асхат Шахаров АЭА дамытудың стратегиясын әзірлеу бойынша Жол картасын жасауды тапсырды.

«Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы – өңірдің ұзақмерзімді экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық маңызы бар жоба. Жоспарланған шараларды жүзеге асыру маңызды инвестициялар тартуға, жаңа өндірістер ашуға, жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге және облыстың өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді. Әрбір салалық басқарма қойылған міндеттердің сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс», – деп атап өтті облыс әкімі.

Сондай-ақ ол жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу мерзімдерін нақты бекітуді және олардың бұзылуына жол бермеуді, сондай-ақ инвесторлармен алдын ала келіссөздерді жеделдетуді тапсырды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Он поручил утвердить четкие сроки разработки ПСД и не допускать их срыва, а также ускорить предварительные переговоры с инвесторами.