Өңір телевизиясының қара шаңырағы «AQTOBE» телеарнасына - 65 жыл

Өңір телевизиясының қара шаңырағы «AQTOBE» телеарнасына - 65 жыл

 

Ақтөбеде өңірдің басты ақпарат құралы – «AQTOBE» телеарнасының 65 жылдығына арналған мерейтойлық шара өтті.

Телеарна ұжымын облыс әкімі Асхат Шахаров құттықтап барды.

«AQTÓBE» телеарнасы алғаш құрылған күннен бастап халыққа қызмет етуді маңызды миссиясына айналдырып, міндетін абыроймен атқарып келеді. Телеарна бағдарламаларынан замана тынысын ғана емес, төл мәдениетіміздің асыл құндылықтарын және жұртымыздың бүкіл бітім-болмысын көруге болады. 65 жылдың ішінде телеарна түрлі кезеңдерден өтті. Қоғамдағы өзгерістер, саяси реформалар, елдің дамуы мен өңірдің өркендеуі телеарна эфирінен кеңінен көрініс тапты. Телеарна — облыс тарихын кадрға жазған ең сенімді шежіреші», — деп атап өтті Асхат Шахаров.

«Еңбек ардагері» медалі зейнеткер-режиссер, 36 жылдық еңбек өтілі бар Қаршыға Айтқұлов және 40 жыл еңбек тәжірибесі бар зейнеткер-инженер Қаныкүл Нуралиеваға табысталды. «Ақпарат саласының үздігі» медалі жаңалықтар бөлімінің тәжірибелі мамандарына – орыс тілді жаңалықтар қызметінің шеф-редакторы Владимир Федотов және жаңалықтар бөлімінің редакторы Гүлдана Абайқызына берілді. Сонымен қатар облыс әкімінің Алғыс хатымен бірқатар қызметкер марапатталды.

Кеш барысында телеарнаның 65 жылдық тарихына арналған фильм көрсетілді, жасанды интеллект арқылы қайта жасалған дикторлардың бейнесі де көрермен назарына ұсынылды.

Мерекелік бағдарламада телеарна тілшісі, айтыскер ақын Нұрбол Жауынбаев және басқа өнерпаздар сахнаға шықты. Кеш телеарнаның жаңартылған гимнінің орындалуымен аяқталды.