
Ақтөбеде Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті.
Мереке аясында облыс әкімі Асхат Шахаров сала қызметкерлері мен ардагерлерін құттықтап, өңірдің аграрлық секторын дамытуға қосқан үлестерін жоғары бағалады.
Асхат Шахаров аграрлық саланың ел экономикасы үшін стратегиялық мән-маңызын атап өтіп, ауыл еңбеккерлерінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды, туған өлке игілігі үшін еңбек етіп жүрген барша азаматқа алғысын жеткізді.
«Аграрлық сала – халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін экономиканың негізгі секторы. Ауыл еңбеккерлері азық-түлік қауіпсіздігі мен өңірдің дамуына зор үлес қосуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің екінші форумында атап өткендей, өз ісіне тиянақты, жауапкершілігі жоғары, адал азаматтар қашанда табысқа жетеді. Бүгінде ауылда жұмыс істеп жүрген мамандар заман талабына сай білімді, тәжірибелі әрі еңбекқор. Олар - ауылдың болашағын қалыптастырып жатқан нағыз патриоттар. Саланы мемлекеттік қолдау артып келеді. Тек биылдың өзінде субсидияларға 15 млрд теңге, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 5,9 млрд теңге жеңілдетілген несие бағытталды. Біз заманауи технологияларды енгізуді жалғастырып, шаруашылықтардың тұрақты жұмыс істеуі мен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің әл-ауқатын арттыруға жағдай жасап келеміз», – деді облыс әкімі.
Саланы жаңғырту тақырыбын жалғастыра отырып, Асхат Шахаров ауыл шаруашылығына озық технологиялар мен инновациялық тәсілдерді енгізу жөнінде сөз етті. Атап айтқанда, ол «KazFeltec» компаниясының қой жүнін терең өңдейтін Қазақстандағы алғашқы цехының іске қосылғанын, оның жылына 2500 тоннаға дейін жүн өңдеп, өнеркәсіптің түрлі салалары үшін кең ассортименттегі өнім шығара алатынын алға тартты.
Облыс әкімі «Степное» ЖШС директоры Аманғос Төлеуовке ерекше назар аударды. Мемлекет басшысының Жарлығымен оған «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Бұл - өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласындағы тынымсыз еңбегі мен жетістіктерінің жарқын дәлелі.
Салтанатты шара барысында облыс әкімі ауыл шаруашылығының үздік қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыстады. «Құрмет» орденімен «Томирис» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Жолмұрат Орынбай, «Жаңажол+» ЖШС директоры Сұлтанғали Мамитов, «Айс» ЖШС бас инженері Иван Золотарев, «Ақ тілек» шаруа қожалығының бригадирі Серікқали Исламов ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен, ал «Рассвет» шаруа қожалығының механизаторы Сергей Горобец пен «Алтынсарино» ЖШС бухгалтері Джаверт Бермағанбетов «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды.
Бұдан бөлек, тағы бірқатар сала қызметкерлері Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің алғыс хаттарын, «Еңбек ардагері» медалін, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамоталарын, сондай-ақ облыс әкімінің алғыс хаттарын иеленді.
Марапаттау рәсімінен кейін «Степное» ЖШС директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Аманғос Төлеуов сөз сөйледі. Ол ел Президентіне аграрлық салаға көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтып, жетістіктер еңбеккерлердің ерен еңбегінің нәтижесі екенін айырықша атап өтті. Аманғос Төлеуов заманауи технологияларды енгізу мен қызметкерлердің жауапкершілігі тұрақты нәтижелерге қол жеткізіп, өңірдің позициясын нығайтуға мүмкіндік беретінін тілге тиек етті.
Өнер орталығының фойесінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында өз өнімдерін ұсынған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көрмесі ұйымдастырылды. Қонақтар жергілікті өнім үлгілері, жаңа әзірлемелер және өңір аграрийлерінің мүмкіндіктерімен танысты.
Салтанатты шара шығармашылық ұжымдардың дайындаған концерттік бағдарламасымен аяқталды.