Ақтөбеде «AQTOBE INVESTMENT FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы өтеді

Ақтөбеде «AQTOBE INVESTMENT FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы өтеді

 

Форумға дайындық барысы облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен отырыста қаралды.

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібековтің айтуынша, форум 4 желтоқсанға жоспарланған. Шетелдік дипломатиялық миссиялар, халықаралық компаниялар және салалық бизнес өкілдерімен бірге 350-ден астам қонақтың қатысуы күтіледі.

Форумда өңір өнеркәсібін дамыту, агроөнеркәсіптік кешенді модернизациялау және цифрлық технологияларды енгізу мәселелері талқыланады. Іс-шара аясында ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған салалық меморандумдарға қол қою рәсімі өтеді. Сондай-ақ өнеркәсіп кәсіпорындары, агроөндірушілер, IT-компаниялар және қолөнершілер қатысатын көрме ұйымдастырылады.

Облыс әкімі Асхат Шахаров форумның өңір үшін стратегиялық маңызын атап өтіп, жоғары деңгейлі қатысушыларды тарту және барлық іс-шараларды сапалы дайындау қажеттігін жеткізді. Ол ұйымдастыру жұмыстарын, ақпараттық сүйемелдеуді және дайындық шараларының уақытылы орындалуын қатаң бақылауды тапсырды.