
Мемлекеттік жүйелі қолдау мен жергілікті бастамалардың арқасында Ақтөбе облысында спорттық инфрақұрылым қарқынды түрде дамып келеді. Өңірде жаңа нысандар салынуда, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінің қатары көбеюде, ауыл тұрғындары мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін спортқа қолжетімділік артып отыр.
Бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру – облыстың басты басымдықтарының бірі. Тек 2024–2025 жылдардың ішінде 19 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. 2026 жылдың соңына дейін тағы 13 жобаны аяқтау жоспарланған. Олардың қатарында өңір үшін маңызды ірі нысандар бар:
* 25 спорт түрі қамтылған, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған спорт кешені;
* заманауи халықаралық талаптарға сай 35 мың орындық жаңа стадион;
* түрлі деңгейдегі жарыстар өткізуге арналған 50 метрлік бассейні бар заманауи спорт кешені.
Бүгінде облыстың 418 мыңнан астам тұрғыны спорт және дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысады. Биылғы жылдың он айында өңірде 3 мыңға жуық спорттық іс-шара өткізіліп, оларға 394 мың адам қатысқан.
Спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі бойынша Ақтөбе облысы Қазақстанда 2-орында: халықтың 64,5%-ы спортпен шұғылдануға жағдайы бар. Бұл көрсеткіш спорттың жасына, тұрғылықты жеріне немесе физикалық мүмкіндігіне қарамастан ақтөбеліктердің өмірінің ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын айқын көрсетеді.