Ішкі туризмді дамыту - экономикалық өсімнің маңызды тетіктерінің бірі

Ішкі туризмді дамыту - экономикалық өсімнің маңызды тетіктерінің бірі

 

Мемлекет басшысының Жолдауында ішкі туризмді дамыту елдің экономикалық өсімінің маңызды тетіктерінің бірі ретінде атап өтілді. Осы бағытта Ақтөбе облысында жүйелі әрі нақты жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде табиғи көріністер мен тарихи мұраға бай Қарғалы ауданы ерекше назарға ие. Аудан аумағындағы Қасқыр сарқырамасы мен Қарғалы су қоймасы — экотуризм мен белсенді демалысқа арналған негізгі нысандардың бірі болып табылады.

Биылғы жылдың басынан бері Қасқыр сарқырамасына 15 мыңнан астам турист келген. Табиғаттың әсем көрінісін тамашалауға, таза ауада демалуға келушілер саны жыл сайын артып келеді. Биыл сарқырамаға дейін жаңа жол салу жұмыстары басталды. Жоба келер жылы аяқталады деп күтілуде. Содан соң аумақта жаңа қонақ үй құрылысы жоспарланған. Бұл шара туристердің қатынауын жеңілдетіп, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етпек.

Ағымдағы жылы Ақтөбе–Орск автожолының бойында «Рух» этнодемалыс аймағы ашылды. Мұнда ұлттық нақыштағы киіз үйлер мен көрініс алаңы орнатылып, атпен серуендеу қызметі жолға қойылған. 2026 жылы жобаны кеңейтіп, этнобағыттағы лагерь салу жоспарланып отыр. Бұл бастама дәстүр мен заманауи демалысты ұштастырып, өңірдегі экотуризмнің дамуына тың серпін береді деп күтілуде.

Сонымен қатар, Қарғалы ауданының мәдени және табиғи мұрасын кеңінен таныту мақсатында «Қарғалы ауданының 7 кереметі» жобасы іске асырылуда. Жобаға тарихи, мәдени және табиғи маңызы бар нысандар енгізіліп, арнайы туристік бағыттар жасақталды. Игі бастама жергілікті тұрғындар мен жастарды туризм саласына тартуға, туған өлке тарихын тереңірек тануға мүмкіндік береді.

Қарғалы өңірінде қолға алынған бұл жобалар ішкі туризмді дамыту арқылы аймақ экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға зор үлес қосуда.