«Бала тәрбиесі – ортақ міндет» атты облыстық ата-аналар жиналысы өтті

«Бала тәрбиесі – ортақ міндет» атты облыстық ата-аналар жиналысы өтті

 

Ақтөбеде «Бала тәрбиесі – ортақ міндет» атты облыстық ата-аналар жиналысы өтті. Шараны Ақтөбе облысының білім басқармасы ұйымдастырды.

Жиналыстың мақсаты – ата-ана, мектеп және қоғамның бала тәрбиесіндегі бірлескен жауапкершілігін арттыру, жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен құқығын қорғау, отбасындағы қарым-қатынас мәдениетін нығайту болды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның жүргізуімен өткен жиынға 400 ата-ана офлайн және онлайн форматта қатысты.

Басқосуда Ақтөбе облысының полиция департаментінің, Денсаулық сақтау басқармасының, аналар кеңесінің өкілдері, Ақтөбе облысы бойынша бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл, «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының психологтары болды.

Кездесу барысында бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі, отбасы мен мектептің ынтымақтастығы, жасөспірімдердің репродуктивтік денсаулығы, интернет қауіпсіздігі мен кибермәдениет, сондай-ақ бала құқығын қорғау және ата-аналық жауапкершілік мәселелері кеңінен талқыланды.

Педагогтар мен ата-аналар өзара пікір алмасып, бала тәрбиесіне қатысты маңызды ұсыныстарын ортаға салды.

«Еркін микрофон» айдарында қатысушылар қоғамдағы тәрбиелік құндылықтарды нығайту мен ата-аналармен жұмыстың тиімді формаларын арттыру жөнінде өз ойларын білдірді.

Жиынды қорытындылаған өңірдің бас ұстазы Бұлбұл Күзембаева  бала тәрбиесі – бүкіл қоғамның ортақ ісі екенін атап өтті.

«Бүгінгі бала – ертеңгі елдің тірегі. Ұрпақ тәрбиесіне жұмылған қоғам ғана рухани бай, жауапты, білімді азаматтарды қалыптастыра алады», – деді басқарма басшысы.

Шара соңында спикерлерге және белсенді қатысқан ата-аналарға алғыс білдіріп, бала тәрбиесі бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөнінде нақты ұсыныстар қабылданды.