Жаңа мүмкіндіктер мекені: Хромтаудағы спорт кешені жүздеген жасқа жол ашты

Жаңа мүмкіндіктер мекені: Хромтаудағы спорт кешені жүздеген жасқа жол ашты

 

Биыл Хромтау ауданында ашылған заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені аз уақыт ішінде аудан тұрғындарының сүйікті орнына айналды. Мұнда спортпен айналысқысы келетін жастар мен тұрғындарға барлық жағдай жасалған.

Кешенде әр жас санатына қарай таңертең және кешке арналған жаттығулар ұйымдастырылады. Бүгінде 100-ден астам спортшы күрес, бокс, волейбол, күш жаттығулары және басқа да спорт түрлерімен шұғылданады. Сондай-ақ футбол алаңында тұрақты түрде жаттығулар өтеді.

Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған нысан салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спорттың дамуына серпін беріп отыр.

Дзюдо спортымен айналысатын жас спортшылардың бірі — Нұрасыл Тәңірберген. Ол өз болашағын спортпен байланыстырған ауданның жас үміті. Жас спортшының атасы Тәңірберген Өмірбеков жаңа кешеннің ашылуына ризашылығын білдірді.

«Бұл кешенді біз көптен күттік. Осындай спорт кешенінен чемпиондар шыға берсін. Мүмкіндік сыйлаған барша жандарға шексіз алғысым зор», — дейді ол.

Хромтаудағы жаңа спорт кешенінің ашылуы аудан жастары үшін жаңа мүмкіндіктер мен спорттық жетістіктерге бастайтын маңызды қадам болып отыр.