Ақтөбеде жеке кәсіпкер салған сквер халық игілігіне берілді

Ақтөбеде жеке кәсіпкер салған сквер халық игілігіне берілді

 

Сквер Қарғалы тұрғын алабындағы №48 және №60 тұрғын үйлердің арасында орналасқан, аумағы - 1.3 гектар.

Демалыс орны Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, «Анвар» ЖШС Бас директоры Талғат Салфиковтің жеке демеушілігімен салынды. Мұнда шағын футбол алаңы, әткеншектер, жайлы орындықтар, балаларға аттракциондар бар.

Бүгін өңір басшысы Асхат Шахаров сквер аумағында ағаш отырғызды. 30 қарағай демалыс орнына көрік беріп тұр.

Асхат Шахаров өз сөзінде мұндай игі істердің қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Бұл жұмыстардың бәрі де ауызбіршіліктің арқасында жүзеге асып отыр. Сондықтан ел аман, жұрт тыныш болғай. Мемлекет пен бизнес өкілдерінің ынтымақтастығы – өңірдің дамуының маңызды тетігі. Осындай бастамалар қала келбетіне көрік қосып қана қоймай, қоғамдағы әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын үлгісіне айналады», – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, өңір басшысы кәсіпкер Талғат Салфиковке қала инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді. Тұрғындар да жасалған жағдай үшін ризашылықтарын жеткізді.