Өңірде жалпы қуаты 450 МВт құрайтын «жасыл» жобалар белсенді түрде жүзеге асырылуда

Өңірде жалпы қуаты 450 МВт құрайтын «жасыл» жобалар белсенді түрде жүзеге асырылуда

 

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында өңірдің электр энергетика саласын дамыту және цифрландыру мәселелері қаралды.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаев өңірдің қазіргі энергия балансы, даму перспективалары мен іске асырылып жатқан ірі жобалар туралы баяндама жасады.

Басқарманың мәліметінше, өңірдің жалпы электр тұтынуы 941 МВт. Негізгі энергия өндіруші көздер – Ақтөбе жылу электр орталығы (ЖЭО), Жаңажол газ-турбиналық электр станциясы және «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» кәсіпорны.

«Энергетикалық тәуелсіздікті арттыру мақсатында бірқатар ірі жоба жүзеге асырылуда. Мәселен, Ақтөбе ЖЭО қуатын 306 МВт-қа дейін, Жаңажол ГТЭС қуатын 240 МВт-қа дейін, ал «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» кәсіпорнының қуатын 84 МВт-қа дейін арттыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ ERG компаниясы қуаты 80 МВт құрайтын газ станциясын пайдалануға беруді көздеп отыр. Бұдан бөлек, облыс орталығында қуаты 250 МВт бу-газ қондырғысын салу жоспарланған», – деді Арысұлан Айтбаев.

Сонымен қатар, өңірде ERG, «Darmen Shuak», «Next Green Energy», «Аргест» және «Beta Wind» компанияларының жеке инвестициялары есебінен жалпы қуаты 450 МВт құрайтын «жасыл» энергетика жобалары іске асырылуда.

Барлық жоба аяқталғаннан кейін өңірдің орнатылған жалпы қуаты 1 475 МВт-қа жетпек.

Бұған қоса, еліміздің батыс аймағын Қазақстанның Біртұтас энергетикалық жүйесіне біріктіру жұмыстары жүргізілуде. Ұлттық оператор «KEGOC» жүзеге асырып жатқан жоба аясында облыс қосымша 300 МВт электр энергиясымен қамтылады.

Салада цифрландыру бағытына да ерекше көңіл бөлінуде. «Энергожүйе» арқылы 61 мың заманауи есептегіш құрал орнатылды, ал электр желілерінің 35%-ы «Градкадастр» геопорталына цифрлық форматта енгізілген. Сонымен қатар, ЖЭО-да SIEMENS газтурбиналық қондырғысы мен автоматтандырылған экологиялық мониторинг жүйесі орнатылған.

Облыс әкімі Асхат Шахаров электр энергетика кешенінің сенімді жұмысы – өңірдің стратегиялық басымдығы екенін алға тартты.

«Электр энергетикасы – облыс экономикасының тірегі. Біз энергожүйенің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Ол үшін цифрлық шешімдерді енгізіп, инфрақұрылымды жаңғыртып және жаңартылатын энергия көздерін дамыту қажет», – деді өңір басшысы.

Сонымен қатар, ол энергетика басқармасына және аудан әкімдеріне электр желілерінің жағдайына толық диагностика жүргізіп, оларды 2026 жылға дейін жаңғыртудың жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Асхат Шахаров күн және жел электр станцияларын белсенді түрде дамыту қажеттігін тілге тиек етіп, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану – өңірдің тек экономикалық емес, экологиялық болашағы екенін айтты.