Ақтөбе облысында қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары талқыланды

Ақтөбе облысында қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары талқыланды

 

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат  мәжілісінде қысқы кезеңде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелері қаралды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қахарман Оразалин коммуналдық, жол және жедел қызметтердің дайындық жайы, сондай-ақ қысқы тәуекелдердің алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

ТЖД мәліметінше, өткен қыс маусымында облыс аумағында көлік қозғалысына 96 рет шектеу қойылған. 160 құтқару операциясы жүргізіліп, нәтижесінде 700-ден астам адам құтқарылып, эвакуацияланыпты.

Алдағы қысқы маусымда төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында дайындық күшейтілген тәртіпте жүргізілуде. 20 қазаннан бастап азаматтық қорғаныстың аумақтық және салалық жүйелері жоғары дайындық режиміне ауыстырылған. 20 қарашаға дейін өңірде қысқа дайындық бойынша айлық өткізіліп жатыр.

«780 бірлік техника дайындалды және қажетті көлемде тайғаққа қарсы материал қоры жасақталды. Қыс мезгілінде адамдарды жылыту үшін 11 мың адамға арналған 169 жылыту пункті қарастырылған», – деді Қахарман Оразалин.

Қар басу қаупі жоғары учаскелерде қар тосқауылдау қалқандары орнатылды. Сондай-ақ 6 стационарлық және 8 жылжымалы шлагбаум, 3 трассалық медициналық-құтқару пункті дайындалған.

Облыс әкімі Асхат Шахаров халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және барлық қызметтің үздіксіз жұмыс істеуі – жергілікті атқарушы органдар алдындағы басым міндет екенін атап өтті.

«Былтырғы қателіктерді, атап айтқанда, жолдарды дер кезінде тазаламау мен жылу желілеріндегі апаттардың қайталанауына жол беруге болмайды. Әрбір басшы жеке жауапкершілікке ие және алдын ала шара қабылдауы тиіс. Барлық қызмет пен техниканың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету қажет. Әсіресе ауылдық елді мекендерде өрт пен газбен уланудың алдын алу шараларына ерекше назар аудару керек», – деді Асхат Шахаров.

Өңір басшысы ТЖД, энергетика және ТКШ басқармасына, сондай-ақ аудан және Ақтөбе қаласының әкімдеріне инженерлік және әлеуметтік нысандардың қысқа дайындығын қайта тексеріп, анықталған кемшіліктерді жоюды, тұрғындармен, әсіресе ауылдық елді мекендерде, өрт пен улы газбен уланудың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Асхат Шахаров дайындық пен әрекет ету нәтижелері 6–7 қарашада өтетін республикалық «Қыс–2025» командалық-штабтық оқу-жаттығуы барысында бағаланатынын алға тартты. Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша ТЖД өңірдің қысқы кезеңге дайындығы жөнінде егжей-тегжейлі есеп ұсынады.