Бүгін облыс әкімі Асхат Шахаров облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаеваның төрағалығымен өткен мәслихаттың кезектен тыс XXI сессиясына қатысты.
Сессия барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы мен баға тұрақтылығы мәселелері талқыланды. Депутаттар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өңірдің даму бағыттарына қатысты ұсыныстарын айтты. Өңір басшысы Асхат Шахаров отырыс соңындағы қорытынды сөзінде сауалдарға жауап беріп, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Әкімнің айтуынша, соңғы жылдары өңірде жаңа тұрғын үй кешендерімен қатар мектептер мен балабақшалар салу ісі жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Келер жылы өңірдің білім беру саласына қосымша 2,5 миллиард теңге бөлініп, жеке және мемлекеттік мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайтылмақ. Сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдар мен колледждерге қолдау көрсету жұмыстары жалғасады.
Ауыл шаруашылығы – өңірдің стратегиялық саласы. Әкімнің айтуынша, фермерлерге пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және лизингтік бағдарламалар арқылы мемлекет тарапынан елеулі қолдау көрсетіліп отыр.
«Қазіргі таңда 350 миллион теңге бөлініп, жыл соңына дейін тағы 2 миллиард теңгеден астам қаржы игеріледі. Асылтұқымды мал шаруашылығына және ауылдық инфрақұрылымға қолдау жалғасады», – деді ол.
Өңір басшысы халық тарапынан азық-түлік бағасына қатысты сын жиі айтылатынын тілге тиек етті. Бұл бағытта нақты шаралар қабылданып жатыр.
Тұрғын үй бағыты бойынша, биыл өңірде қосымша 2,1 миллиард теңге бөлініп, жыл соңына дейін 1000-нан астам жаңа баспана пайдалануға берілмек. Барлығы заң аясында, кезек тәртібімен жүзеге асырылады.
Жол жөндеу жұмыстары да бақылауда. Биыл жолшылар Ақтөбе облысында 533 шақырым жолды жөндеуге кірісті.
Сөз соңында облыс әкімі Асхат Шахаров барлық көтерілген мәселенің назардан тыс қалмайтынын атап өтті.
«Бастысы – бірлік пен ашықтық. Әр депутат, әр әкім өз міндетін адал атқарса, халықтың сенімі артады», – деді ол сөз соңында.