Ақтөбе облысында бюджет нақтыланды: негізгі басымдық – әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым

Ақтөбе облысында бюджет нақтыланды: негізгі басымдық – әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым

 

Бүгін облыс әкімі Асхат Шахаров облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаеваның төрағалығымен өткен мәслихаттың кезектен тыс XXI сессиясына қатысты.

Сессияда Ақтөбе облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов 2025 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылау туралы баяндама жасады.  Басқарма басшысының айтуынша, бюджет нақтылануы 16,8 млрд.теңге сомасында жүргізілуде.

«Қаражаттың негізгі көзі – облыстық бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту, пайдаланылмаған және үнемделген қаражаттар», – деді Нұржан Мақсатов.

Бюджетті нақтылау аясында ең ірі бөлік — даму бюджетіне бағытталады. Бұл мақсатқа 9,1 млрд.теңге қарастырылған.

Құрылыс басқармасына - 3,3 млрд.теңге бөлінеді. Қаражат Шалқар қаласындағы Цеханович атындағы мектептің спорт залы, Қобда ауданындағы Әлия ауылында дене шынықтыру кешені, Ырғыз ауданы Қалыбай ауылындағы 60 орындық мектеп құрылысын жалғастыруға және Темір ауданы Шұбарқұдық кентіндегі кітапхана құрылысын аяқтауға бағытталмақ.

Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға пәтер сатып алу үшін облигациялық қарыздар есебінен - 8,5 млрд.теңге және жергілікті бюджеттен қоса қаржыландыруға - 2,1 млрд.теңге жоспарлануда.

Энергетика басқармасына - 3,1 млрд.теңге газбен жабдықтау жұмыстарын аяқтауға, сумен жабдықтау және су бұру жобаларына, көше жарықтарын орнатуға және көпқабатты үйлерді жөндеуге және жаңғыртуға қарастырылған.

Автомобиль жолдары басқармасына - 2,7 млрд.теңге жергілікті маңызы бар және ауылішілік жолдарды орташа жөндеуге, Ақтөбе қаласы мен аудандардың автомобиль жолдары құрылыстарына бағытталады.

Білім басқармасына - 4,8 млрд.теңге бөлінеді. Қаражат жекеменшік мектептердегі мемлекеттік білім беру тапсырысын қаржыландыруға, педагогтердің біліктілік санатына ақы төлеуге, білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық  жарақтандыруға және жаңадан ашылған 6 мектептің күтіп-ұстауға жоспарлануда.

Аталған бюджет жобасында Денсаулық сақтау, Жұмыспен қамтуды үйлестіру, Мәдениет, Спорт және Ауыл шаруашылығы басқармаларына да қажетті қаражат қарастырылып отыр.   Ауыл шаруашылығы саласында несиелер мен лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға - 350 млн.теңге, азық-түлік тұрақтандыру қорын толықтыруға - 866 млн.теңге қарастырылған.

«Бюджетті нақтылауда қарастырылған барлық жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған», – деп түйіндеді Нұржан Мақсатов.

Облыстық мәслихаттың бюджет, өңірлік және салалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Нұрлан Махамбетов өз сөзінде депутаттар мен бюджеттік бағдарламалар әкімшілері аталған мәселені отырыстарда егжей-тегжейлі қарап, талқылағанын айтты. Депутаттар шешім жобасын бірауыздан қолдады.