Республика күніне орай ұйымдастырылған форумның мақсаты - жастардың бойында отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті нығайту және мемлекеттік рәміздерге, ел тәуелсіздігі мен тұтастығына деген құрметті арттыру.
Шарада Ақтөбе облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев сөз сөйлеп, жастарды белсенді болуға, ел болашағына үлес қосуға шақырады.
Форум аясында түрлі салада жетістікке жеткен, елге үлгі болар азаматтар жастармен еркін форматта жүздесіп, өз тәжірибелерімен, өмірлік ұстанымдарымен және көзқарастарымен бөлісті.
Спикер ретінде шақырылған журналист, ҚР Ақпарат саласының үздігі - Ақбаян Сұлтанмұратова «Қазіргі жастар және медиа мәдениеті» тақырыбында жастардың ақпаратты қабылдау, тарату және тұтыну мәдениеті, жалған ақпаратпен күрес, саналы медиатұтынушы болу жолдары жайлы өзекті мәселелерді қозғады.
Қалалық мәслихат депутаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры, PhD докторы - Нарқозы Қартжан «Білімді ұрпақ – Мәңгілік елдің тірегі» тақырыбында білім мен ғылымның ел болашағындағы орны, жастардың дамуындағы негізгі факторлар туралы ой бөлісті.
«Dar Team Aktobe» спорт клубының директоры, спорт шебері, кәсіби бапкер, 15 жылдық тәжірибесі бар, көптеген чемпиондарды тәрбиелеген жаттықтырушы - Медет Атабаев «Мықты болу тәннің ғана емес, рухтың да күші» тақырыбында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спорттың тұлға қалыптастырудағы рөлі мен рухани күштің маңызы туралы әңгімеледі.
Ақын - Қайнар Алагөзов «Өлең мен Отан – жүректегі егіз ұғым» тақырыбында Отанға деген сүйіспеншілікті өлең арқылы жеткізіп, ұлттық рухты поэзиямен оятты.
Форумға қатысқан 400-ге тарта жас спикерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды.
Форумның соңында «Көк тудың желбірегені» әні орындалып, қатысушылар елге деген сүйіспеншіліктерін, бірлік пен рухты ән арқылы паш етті.