Ақтөбе облысы мен Шаньси провинциясы арасындағы серіктестік бағыттары кеңеюде

Ақтөбе облысы мен Шаньси провинциясы арасындағы серіктестік бағыттары кеңеюде

 

Ақтөбе облысына ҚХР Шаньси провинциясынан ресми делегация келді. Қонақтарды облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов қабылдады.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту, сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы тауар айналымы тұрақты өсім көрсетуде. 2025 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша оның көлемі 622,3 млн АҚШ долларын (экспорт – 492,8 млн, импорт – 129,5 млн АҚШ доллары) құрады.

Өңірде Қытай капиталының қатысуымен 76 компания табысты жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, жалпы құны 1,2 трлн теңге болатын 6 бірлескен инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар газ-химия, түсті металлургия, құрылыс материалдары өндірісі және жаңартылатын энергия көздері салаларын қамтиды.

Делегация мүшелері «Ақтөбе» индустриялық аймағын, өңірдің ірі кәсіпорындарын және тарихи-мәдени нысандарды аралады. Сонымен қатар қонақтар «AMANAT» партиясының облыстық филиалының жұмысымен танысып, кейін «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының филиалы — Ақтөбе ферроқорытпа зауытына барып, өндіріс барысын зерделеді.

Бұл кездесу Ақтөбе облысы мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты тереңдетіп, жаңа инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашты.