Ақтөбе облысында құрылыс саласына бақылау күшейтіледі

Ақтөбе облысында құрылыс саласына бақылау күшейтіледі

 

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде сәулет және құрылыс саласындағы заңнаманың сақталуы мен жұмыстардың сапасы мәселелері қаралды.

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сұлтан Аманчин биылғы жылдың 9 айындағы ведомство қызметінің нәтижелері туралы баяндама жасады.

Оның айтуынша, есепті кезеңде тұрғын үй құрылысы, білім беру, денсаулық сақтау, жол инфрақұрылымы мен инженерлік желілер нысандарын қоса алғанда, құрылыс-монтаж жұмыстарының басталуы туралы 1418 хабарлама қабылданған. Лицензиялау және аттестациялау бойынша барлық қызмет уақытылы көрсетіліп, шағымдар түспеген.

Басқарма тарапынан 31 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 60-тан астам әкімшілік хаттама толтырылыпты. Құрылыс компанияларына 26 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.

«Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК филиалымен бірлесіп, автожол жұмыстарының сапасына бақылау жүргізілуде. Тексеру нәтижелеріне сәйкес, алты техникалық қадағалау сарапшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардың аттестаттары уақытша тоқтатылған. Жалпы айыппұл сомасы 4 миллион теңгеден асты.

Баса назар абаттандыру мен құрылыс алаңдарының тазалығына аударылып отыр. Жыл басынан бері 60-тан астам құрылыс субъектісі жолдарды ластап, абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Айыппұлдардың жалпы сомасы 1,3 миллион теңгеден асты.

Басқармада бизнес-процестерді автоматтандыру бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Халықпен жедел байланыс орнату үшін Telegram-бот пен 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы жоспарланған тексерулер мен ықпал ету шаралары жөнінде SMS-хабарландыру жүйесін іске қосу жоспарланып отыр.

«Бұл қадамдар ашықтықты арттыруға, бюрократияны азайтуға және азаматтардың мемлекеттік бақылау жүйесіне деген сенімін нығайтуға бағытталған», – деді Сұлтан Аманчин.

Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі құрылыс процестерінің ашықтығын қамтамасыз ету жұмысын жалғастыруды, бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейтуді және құрылыс алаңдарының санитарлық жағдайын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.