Ақтөбе облысында «Айс» ЖШС Даниядан 330 бас асылтұқымды сиыр әкелді

 Ақтөбе облысында «Айс» ЖШС Даниядан 330 бас асылтұқымды сиыр әкелді


Қалған 470 бас мал жыл соңына дейін жеткізіледі.

Ақтөбе облысында Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп саласын дамыту туралы тапсырмасы аясында ірі жоба жүзеге асуда. «Айс» ЖШС 800 басқа арналған заманауи сүт-тауар фермасына Дания мемлекетінен 330 бас голштин-фриз тұқымды асылтұқымды сиыр әкелді. Бұл – кәсіпорынның өндіріс қуатын арттыруға және сүт өнімдерінің сапасын жақсартуға бағытталған жоспарлы қадамдардың бірі.

Жоба «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы 3,25 млрд теңге мөлшерінде 2,5% жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен қаржыландырылды.

Компания өкілдерінің айтуынша, жаңа мал партиясы - жаңа ферма кешенін толық жабдықтау үдерісінің бір бөлігі. Ферма құрылысы биыл аяқталып, жалпы инвестиция көлемі 5,3 млрд теңгені құрады. Кешен жылына 10 мың тонна сүт өндіруге қауқарлы.

Жаңа жобаны іске асыру нәтижесінде 50 маусымдық және 17 тұрақты жұмыс орны ашылды. Кәсіпорынның өкілдері атап өткендей, асылтұқымды сиырларды әкелу өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып, жергілікті сүт өндірісін ұлғайтуға айтарлықтай үлес қоспақ.

 «Айс» ЖШС 2010 жылдан бері Мәртөк ауданының Саржансай ауылында жұмыс істеп келеді. Қазір шаруашылықта 2977 бас ірі қара бар, соның ішінде 1000 сауын сиырдан тәулігіне 37,8 тонна сүт сауылады. Әр сиыр орта есеппен тәулігіне 36,6 литр өнім береді.

Биыл кәсіпорын жем-шөп базасын нығайту мақсатында 2690 гектар алқапқа жүгері, арпа, қарабидай және шөп дақылдарын еккен.