
Ақтөбеде ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығы мен Құтқарушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шараға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, сала ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.
Мерекелік шара барысында өңір басшысы сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, төтенше жағдай қызметінің қоғамдағы маңызы мен мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға тоқталды.
Өңірде ТЖ саласын материалдық-техникалық тұрғыдан нығайтуға айырықша көңіл бөлініп келеді. Биылдың өзінде жергілікті бюджет есебінен 2 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, 37 бірлік арнайы техника мен 285 түрлі құтқару құралдары сатып алынды. Сонымен қатар, сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы да назардан тысқалған жоқ. Атап айтқанда, 2025 жылы ТЖ қызметінің 20-дан астам маманына қызметтік пәтер кілті табысталған.
Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері төтенше жағдайлар қызметі 838 адамды құтқарды, оның ішінде 191 бала, 3011 адамды эвакуациялады, 130 зардап шегушіге дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсетілді. Авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарға 1162 шығу жүзеге асырылды. 89 тұрғын үй мен ғимарат өрттен құтқарылған.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде «Халқымыздың амандығын және қауіпсіздігін сақтау – басты міндет әрі қастерлі парыз. Бұл – ең алдымен, құтқарушы мамандарға жүктелетін зорсенім, үлкен жауапкершілік. Құтқару қызметі – өте маңызды сала» деп айырықша атап өтті.
Құтқарушы болу - ерлік пен жанқиярлықты, батылдық пен тәуекелді қажет ететін асыл мамандық. 30 жыл ішінде бұл сала үлкен жолдан өтті. Сіздер тәуліктің кез-келген сәтінде қауіп-қатерге қарамай, ел басына түскен қиындықта көмекке ұмтылып, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғап келесіздер. Сіздердің осы абыройлы да жауапты еңбектеріңіз гехалық атынан зор құрмет пен алғыс білдіремін», – деді Асхат Шахаров.
Мерекелік іс-шарада төтенше жағдайлар қызметінің үздік мамандары марапатқа ие болды. ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен бірқатар қызметкерге арнайы шендермен төсбелгілер табысталды. Атап айтқанда, кезекші өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісі Нұржан Жарлағановқа – «Азаматтық қорғау полковнигі», №4 бөлімнің қарауыл бастығы Балтабек Қуанышбайға – «Азаматтық қорғау капитаны», Жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Есентұрар Серғазыұлына – «Құтқарушы» төсбелгісі тағылды.
Сонымен қатар, облыс әкімінің атынан және министрлік тарапынан алғыс хаттармен марапаттар беріліп, «Үздік қызметкер» аталымын подполковник Азамат Құсаинов, «Үздік ауыл құтқарушылары» – Әйке өрт сөндіру бекеті, «Үздік өрт сөндіру бөлімі» – №1 мамандандырылған бөлім, ал «Қауіпсіздік үлгісі» номинациясын Қобда аудандық ТЖ бөлімі иеленді.
Шара соңы мерекелік концертпен жалғасты. Сахна төрінде тек кәсіби әншілер ғана емес, ТЖ қызметінің мамандары да өнер көрсетті.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығы мен Құтқарушылар күніне арналған салтанатты шара алдында облыс әкімі Асхат Шахаров Төтенше жағдайлар департаментінің материалдық-техникалық базасы, арнайы техникалары және құтқарушылардың заманауи жабдықтарымен танысты.