Әйтеке би ауданында екі ауылға көгілдір отын берілді

Әйтеке би ауданында екі ауылға көгілдір отын берілді

Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданындағы Әйке және Тереңсай ауылдарына табиғи газ жеткізілді. Енді екі елді мекеннің тұрғындары алғаш рет көгілдір отынның игілігін көрмек.

Әйке ауылында 176 аулада 906 тұрғын, ал Тереңсай ауылында 153 аулада 776 тұрғын тұрады. Бұған дейін бұл ауылдар орталықтандырылған сумен қамтылған болса, енді газ да қолжетімді болып отыр.

Жоба «Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы Әйке және Тереңсай ауылдарында газ тарту және ауылішілік газ құбырын салу» аясында жүзеге асырылған. Құрылыс жұмыстарын «Ерзат» ЖШС орындады. Газ құбырының жалпы ұзындығы - 26,3 шақырым.

Газ беру рәсіміне Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаев, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Серік Дәулетов, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, жыл соңына дейін Қияқты және Ұлғайсын ауылдары да газбен қамтылады. Осылайша, Әйтеке би ауданында көгілдір отынға қосылған елдімекен саны 18-ге (66,6%) жетіп, 18 мыңнан астам тұрғын немесе аудан халқының 87,5%-ы көгілдір отынды пайдалана алады.

Бұл жобалар ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.