Өңір басшысы 2025 жылғы маусым қорытындысы бойынша Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанған «Ақтөбе» әйелдер футбол клубының ойыншылары және бапкерлік құрамымен кездесті.
Асхат Шахаров спортшыларды тарихи жетістіктерімен құттықтап, бұл жеңіс бүкіл өңір үшін зор мақтаныш екенін атап өтті.
«Ақтөбе» клубының жеңісі – тек біздің облыс үшін ғана емес, жалпықазақстандық футбол үшін де маңызды оқиға. Бұл спорттық жетістіктен гөрі өзіне сенетін жастарға үлгі. Сіздердің нәтижелеріңіз – кәсібилік, табандылық және мықты командалық рухтың көрінісі. Сіздер шабыт сыйлап, әйелдер футболының Қазақстанда жаңа деңгейге көтерілгенін дәлелдеп отырсыздар», – деді Асхат Шахаров.
Маусым бойы ақтөбелік футболшылар жоғары деңгейде өнер көрсетіп, 26 ойында 24 рет жеңіске жетіп, 225 гол соғып, 2 матчта тең нәтижемен аяқтады. Чемпионаттың ең үздік сұрмергені – 72 голдың авторы Алина Литвиненко атанды.
Қазақстан әйелдер командалары арасындағы чемпионат көктемде басталып, алғашқы кездесулерден-ақ ақтөбеліктер алтынға басты үміткер екенін көрсетті. 12 қазандағы «Астанаға» қарсы 6:0 есебімен аяқталған ірі жеңіс командаға қарсыластарын басып озып, ел тарихындағы алғашқы чемпиондық атақты әкелді.
Кездесу барысында облыс әкімі бапкерлік құрамға, медициналық қызметкерлерге, көмекші мамандарға және осы жетістікке үлес қосқан барша маманға алғыс айтты.
«Ақтөбе» әйелдер командасы 2024 жылы ақпан айында құрылды. Алғашқы маусымында-ақ олар ел біріншілігінде күміс жүлде иеленіп, 2025/2026 жылғы маусымда УЕФА Әйелдер чемпиондар лигасына қатысу құқығын жеңіп алды. Іріктеу кезеңінде ақтөбеліктер италиялық «Рома» (0:2) және даниялық «Норшелланн» (2:4) командаларымен кездесті.
Асхат Шахаров клубтың жеңісі жастарға қуатты серпін беріп, қазақстандық қыздардың спортқа қызығушылығын арттыратынына сенім білдірді. Кездесу соңында ол спортшыларға жаңа табыстар мен халықаралық ареналарда жарқын жеңістер тіледі.