Ақтөбе қаласына қарасты Жаңақоныс елді мекенінің «Шестихатка» тұрғын алабында алғаш рет жол салынды. «Ассана дорстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Едіге батыр көшесін қаланың өнеркәсіптік аймағымен қосатын ұзындығы 2 шақырым 100 метр жол құрылысын аяқтауға жақын.
Өңір басшысы Асхат Шахаров нысан басына барып, жұмыстардың сапасын тексерді. Ол мердігерге құрылыс кезінде сапаға баса мән беруді тапсырды. Компания жолдың беріктігіне кепілдік беріп отыр.
Сондай-ақ облыс әкімі Мәншүк Мәметова көшесінде атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты. Мұнда «Astana Energo Hub» ЖШС орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуде.
Көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің ауласы да абаттандырылған. Жоба Ақтөбе облысының тұрғындары үшін жайлы әрі қауіпсіз аула кеңістігін қалыптастыруды көздейді. Асхат Шахаров 12-ықшам ауданындағы жаңғыртылған аула тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
«СК NEW CITY» ЖШС жол төсемін жаңартып, жаяу жүргіншілерге арналған тротуар мен демалыс аймағын салған. Сондай-ақ көгалдандыру, жарықтандыру және тұрмыстық жайлылықты арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілген. Мердігер құрылыс жұмыстарын жақын күндері аяқтамақ.
Тұрғындар атқарылған іске ризашылықтарын білдіріп, ауланы ұқыпты ұстауға уәде етті.