
Хромтау ауданы Бөгетсай ауылында ғасырлық тарихы бар мерейтой кең көлемде аталып өтті. Бұл мерейлі мереке ауылдың өткені мен бүгінін сабақтастырып, болашаққа бағыт берген тағылымды шара болды.
Ғасырлық той ауыл кіреберісіндегі жаңа көпірдің ашылу рәсімімен басталды. Одан соң, «Бірлік» саябағы есігін келушілерге айқара ашты. Жасыл желекке оранған жаңа демалыс орны ауылдың көркіне көрік қосып, тұрғындар үшін игілікті мекенге айналары сөзсіз. «Ауыл тарихы» фотокөрмесінде келушілер ауылдың өткені мен өркендеу жолын көре алды.
Ал мерейтойдың мазмұнын байытқан маңызды шара – ғылыми-практикалық конференция болды. Онда ауыл тарихы, әлеуметтік-экономикалық дамуы және келешекке арналған жоспарлар сөз болып, тағылымды ойлар ортаға салынды. Мерейтой аясында өткен ашық сахнадағы концерттік бағдарлама ауылдың мерейін асыра түсті.
Аудан әкімі Нұрхан Тлеумұратов ауыл тұрғындары мен алыстан арнайы келген қонақтарды Бөгетсай ауылының 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтап, ыстық лебізін жеткізді.
Сонымен қатар, елдің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Одан әрі ұлттық рух пен қайсарлықты дәріптеген қазақша күрес, бәйге ұйымдастырылды.
Мерекелік дастарқан киіз үйлер қалашығында жайылып, қонақтар ауылдың қонақжай дәстүрін тағы бір мәрте сезінді.
Салтанатты мереке облыс өнерпаздарының гала-концертімен түйінделді. Әуезді ән мен күмбірлеген күй сахна төрін тербетіп, ауылдың ғасырлық тойына айырықша сән берді.