
80 жолаушыны бір мезетте тасымалдай алатын YUTONG 6116 маркалы жаңа автобустар №21 бағытта қызмет көрсетпек.
Өңір басшысы Асхат Шахаров қала әкімі Азамат Бекетпен бірге, қалалық тасымалдаушының автопаркіне барды, жүргізушілердің жұмыс жағдайы және қоғамдық көлікті жаңғырту бағдарламасының жүзеге асу барысымен танысты.
«Автопаркті жаңарту – қызмет сапасын, экологияны және қала тұрғындарының жайлылығын арттыруға жасалған маңызды қадам. Әсіресе, қарбалас уақытта жолаушылар үшін жеткілікті автобустарды қамтамасыз ету қажет. Біз мемлекеттік қызметшілердің жұмыс кестесін сағат 8:30-ға ауыстырдық, бұл қоғамдық көлікті және жолдарды жеңілдетуге септігін тигізді. Болашақта, Астана қаласындағыдай, автобустарға арналған жеке жолақ енгізу мүмкіндігін қарастырамыз», – деді Асхат Шахаров.
«Автопарк» ЖШС директоры Ақарыс Тлеулесовтің айтуынша, кәсіпорында автобус паркін жаңарту 2022 жылы басталған. Осы уақыт ішінде 125 жаңа автобус сатып алынды. Жалпы төрт жылда жұмсалған қаражат көлемі - 10 млрд теңгеден асады. Компанияның балансында жалпы 285 автобус бар, оның 81%-ын заманауи көлік құралдары құрайды. Қалған 19%-ын автопаркті жаңғырту бағдарламасы аясында кезең-кезеңімен ауыстыру жоспарлануда. Соңғы төрт жыл ішінде №1, 2, 11, 13, 14, 15, 16, 19, 21, 22, 24, 25, 26 және 42 бағыттарда қызмет көрсететін автобустар жаңартылды. Барлығы «Автопарк» 20 бағытқа қызмет көрсетеді. Компания бюджеттен бөлінген субсидия алады.
«Әлі де №3, 17, 37 және 43 бағыттардағы автобустарды ауыстыру қажет. №21 бағыттан босаған автобустар №37 бағытқа жіберілетін болады», – деді Ақарыс Тілеулесов.