Жем қаласында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді

Жем қаласында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді

 

Мұғалжар ауданының Жем қаласында 50 келушіге арналған медициналық нысан ашылды. Амбулаторияда 1 дәрігер мен 3 медбике қызмет ететін болады.

Мемлекет басшысының «халық денсаулығын жақсартып, өмір сүру сапасын үнемі арттыру» тапсырмасын орындау мақсатында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.

Салтанатты іс-шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев, Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов және мердігер компания «ЭлитСтройАқтөбе» ЖШС өкілдері қатысты.

Әкім орынбасары Асылбек Есенбаев нысанның іске қосылуын маңызды оқиға ретінде атап өтіп, тұрғындарға ізгі тілегін жеткізді.

Денсаулық сақтау мекемесі халыққа алғашқы медициналық-санитарлық, ересектер және балаларға консультативті-диагностикалық, лабораториялық диагностика, профилактикалық және скринингтік тексеру секілді көмек түрлерін ұсынады.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Жем қаласында 407 үйде 1300 тұрғын тұрады.

Медициналық қызметтің қолжетімді болуын қамтамасыз ету, денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту үшін облыста кешенді шаралар жалғаса бермек.