Темірбек Жүргенов ауылында бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеруде

Темірбек Жүргенов ауылында бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеруде

 

Әйтеке би ауданына жұмыс сапары барысында Асхат Шахаров Темірбек Жүргенов ауылына барды. Алдымен ол 150 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Құрылысы ұзаққа созылғанын тілге тиек еткен өңір басшысы жаңа мердігерге кешенді қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.

«Президент биылғы Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға баса мән беретінен тағы бір айтып өтті. Облысымызда түрлі спорттық нысандар салынуда. Бұл спорт кешені – Жүргенов тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысан. Менің тапсырмам бойынша оның құрылысы қайта жанданды. Құрылысты мердігер ұйым барынша қысқа мерзімде аяқтап, кешен халыққа есік ашатынына сенеміз», – деді Асхат Шахаров.

Аймақ басшысы кешеннің ашылуы тұрғындардың өмір сапасын жақсартып, белсенді демалыс пен спортпен айналысуға қолайлы жағдай туғызатынын атап өтті.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде қазақша күрес, армрестлинг, волейбол, футбол және басқа да спорт түрлерінен жаттығулар өтеді. 2025 жылы жоба қайта қаралып, кешен құрамына бассейн енгізілді, құрылыс жұмыстары қайта жанданды. Нысанды 2026 жылы тапсыру жоспарланғанымен, мердігер жұмыстарды тез арада аяқтауға ниетті.

Асхат Шахаров сондай-ақ округтің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты. Темірбек Жүргенов ауылдық округінде 7,9 мыңға жуық тұрғын бар. Мұнда 33 ЖШС, 71 шаруа қожалығы, 63 дүкен және 417 жеке кәсіпкер жұмыс істейді.

Асхат Шахаров Әйтеке би аудандық ауруханасына да барды. Мұнда амбулаторлық деңгейде науқастарды қабылдау тұрақты жүргізіліп келеді. Сонымен қоса, биылғы жылдың алғашқы жеті айында 170 нәресте дүниеге келіп, нәресте өлімі тіркелмегені көңіл қуантады. Инфрақұрылымдық жұмыстар да назардан тыс қалмады. 2024 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында аудандық аурухананың шатыры мен қасбеті жаңартылды. Медициналық техникалық базаны жаңарту мақсатында былтыр облыстық бюджет есебінен 2 санитарлық автокөлік алынды.

Аурухана қызметкерлерімен кездескен облыс әкімі Президент Жолдауында айтылған жасанды интеллектіні өңірдің медицина саласына енгізіп, цифрландыруға толық көшу жұмыстарын жеделдету керек деді.