Асхат Шахаров Құмқұдық ауылының тұрғындарымен кездесті

Асхат Шахаров Құмқұдық ауылының тұрғындарымен кездесті

 

Әйтекеби ауданына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Асхат Шахаров Құмқұдық ауылдық округіне барып, жергілікті тұрғындармен кездесті.

Қазіргі таңда ауылда 887 адам тұрады. Мұнда мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, клуб, кітапхана және спорттық-сауықтыру кешені жұмыс істейді. Округте 15 шаруа қожалығы, 2 ЖШС және 33 жеке кәсіпкер бар.

Әкіммен кездесуде ауыл тұрғындары инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау және халықты жұмыспен қамту мәселелерін көтерді. Ауыл әкімі Тілес Сарсенғалиевтің айтуынша, соңғы жылдары Құмқұдықта мал және егін шаруашылығының дамуы белсенді. Мәселен, бір жыл ішінде ірі қара малдың саны 3 822 бастан 4 644-ке дейін, ал жылқы 1 432 бастан 1 872-ге дейін өскен.

Өңір басшысы ауданның жетекші шаруашылықтарының бірі – «Құмқұдық» ЖШС жұмысына айырықша назар аударды. Шаруашылық егін және мал шаруашылығымен айналысады, биыл 23 мың гектардан астам жерге дән себілді. 15 комбайн мен 13 трактор дәнді дақылдарды жинауда.

Ауыл тұрғындары облыс әкімінен республикалық трассадан ауылға дейінгі кіреберіс жолды сапалы жөндеп беруді сұрады. Сондай-ақ келесі жылы ауылішілік жолдарды ретке келтіруді өтінді. Облыс әкімі тұрғындарға жолдардың жөнделетінін, ал шаруаларға қажетті қолдау көрсетілетінін айтты.

Кездесуге сондай-ақ Аққұм және Жабасақ ауылдарының тұрғындары қатысты. Олар өз ауылдарында газ тарту, ауызсу мәселесін шешу, фельдшерлік пункт пен дене шынықтыру сауықтыру кешенін салу жөнінде өтініштерін жеткізді. Асхат Шахаров барлық ұсыныс ескеріліп, ең маңызды мәселелер бойынша шешімдер қабылданатынын алға тартты.