«Бенкала» АҚ жаңа кен өңдеу фабрикасын іске қосты

«Бенкала» АҚ жаңа кен өңдеу фабрикасын іске қосты

 

Облыс әкімі Асхат Шахаров Сұлукөл ауылдық округі аумағында орналасқан тау-кен өнеркәсібі саласындағы компания - «Бенкала» акционерлік қоғамына барды.

Мұнда өңір басшысы биыл іске қосылған құрғақ магниттік сепарация фабрикасының жұмысымен танысты. Фабрикада құрамындағы темір мөлшері 5,2%-дан жоғары кедей кен өңделіп, нәтижесінде бай әрі сапасына сәйкес материал алынады.

«Бенкала» АҚ темір кенін ашық әдіспен өндіреді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты - жылына 2 миллион тонна. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 12,5 млрд теңге. Компанияның бас директоры Бекболат Ақжоловтың айтуынша, қызметкерлер саны 186 адам, орташа жалақы 350 мың теңге.

Сапар барысында Асхат Шахаров жаңа фабриканың өңір экономикасы үшін маңыздылығын атап өтіп, қалдықтарды қайта өңдеуге мән берді.

«Мұндай жобаларды жүзеге асыру өңдеу көлемін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді. Ең бастысы – кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп, экологиялық қауіпсіздікке баса мән беруі қажет. Мемлекет басшысы үшінші және төртінші деңгейдені қалдықтарды қайта өңдеуді айтып келеді. Бұл мәселе кәсіпорынның күн тәртібінде болуы тиіс», – деді облыс әкімі.