Облыс әкімі Асхат Шахаров жұмыс сапарымен Әйтекеби ауданына барды

Облыс әкімі Асхат Шахаров жұмыс сапарымен Әйтекеби ауданына барды

 

Өңір басшысы Әйтеке би ауданындағы жұмыс сапарын Сұлукөл ауылдық округінен бастап, «Алтынсарино» ЖШС-не барды.

Қазір мұнда егіске орақ түсті. Асхат Шахаров шаруа қожалығының алқабындағы егін ору жұмыстарының барысымен танысып, диқандармен әңгімелесті.

2007 жылы құрылған «Алтынсарино» ЖШС - бүгінде ауданның алдыңғы қатарлы шаруашылықтарының бірі. Құрылтайшы Борис Князевтің айтуынша, кәсіпорынның жер қоры - жалпы 35 389 гектар. Оның ішінде 33,8 мың гектары - егістік, 1,4 мың гектары - жайылым. Биыл 25 311 гектарға егін егілген.

«Орақ науқанына 80 адам, 26 сепкіш, 8 трактор және 6 жүк көлігі жұмылдырылды. Жұмыстар ұйымдасқан түрде жүріп жатыр, өнімді қиындықсыз жинап аламыз деп сенеміз. Ең бастысы - ауа райының қолайлы болғаны», – деді Борис Князев.

Өңір басшысы науқанды уақытылы аяқтау қажеттілігін атап өтіп, аудан әкімдігіне егін жинау мен техникамен қамтамасыз етуге байланысты барлық мәселені қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

«Егін орағын оңтайлы мерзімде, шығынсыз аяқтау қажет. Әрбір тонна астықтың сақталуы маңызды. Диқандардың барлық мәселелері жедел шешілуі тиіс», – деп атап өтті Асхат Шахаров.

Сондай-ақ, Президенттің бос және игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, айналымға енгізу, тыңайтқышпен толық қамтамасыз ету туралы тапсырмасына баса назар аудару қажеттігін айты. Нәтижесінде, өнімділік артады, жер құнарлана түседі. Аудан 25 мың га жерді мемлекет меншігіне қайтармақ.