Асхат Шахаров астық жинау науқанын жеделдетуді тапсырды

Асхат Шахаров астық жинау науқанын жеделдетуді тапсырды


Бүгінгі таңда 256 мың гектардан астам егін жиналды, бұл жалпы жоспардың 60 пайызын құрайды. Ауа райы қолайлы болса, алдағы екі апта ішінде егін жинау жұмыстарын толық аяқтау жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласына қатысты тапсырмаларын орындау және егін жинау науқанын жүргізу мәселелері облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жүсібәлиевтің айтуынша, биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 756 мың гектарды құрады. Оның ішінде негізгі бөлігін — 426,4 мың гектарды дәнді дақылдар, 262,8 мың гектарды мал азығы, 60,3 мың гектарды майлы дақылдар алып жатыр. Сонымен қатар, 6 мың гектардан астам алқапқа картоп пен көкөніс-бақша дақылдары егілген.

Егін жинау науқанына 600-ден астам астық жинайтын комбайн, 1,5 мың трактор, шамамен 800 трактор тіркемесі және 500 жүк көлігі тартылған. Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне 7,2 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді, оның литрі 250 теңгеден, бұл нарықтық бағадан 15 пайызға арзан. Қыркүйек айына 3 925 тонна отынға келісімшарттар жасалып, оның жеткізілуі жалғасуда.

Цифрландыру мен дәлме-дәл егіншілік элементтерін енгізуге ерекше көңіл бөлінуде. Бірқатар шаруашылықта – «ДиЛэнд» ЖШС, «Ақжар Агро», «Елім Табантал» және басқаларда – «John Deere», «Claas», «New Holland», «Case» сияқты заманауи техникалар қолданылып жатыр. Олар өнімділік пен жанармай шығынын есепке алуға мүмкіндік беретін сенсорлар және навигаторлармен жабдықталған. «Актеп» және «ДиЛэнд» шаруашылықтарында метеостанциялар орнатылған, ал Navistar-Asia компаниясымен бірлесіп навигациялық жүйелер енгізілуде.

Облыс әкімі 15 қазанға дейін егіс процесіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект енгізуге қатысты нақты ұсыныстар дайындауды тапсырды.

Асқар Жүсібәлиевтің мәліметінше, облыстағы астық қоймаларының жалпы сыйымдылығы 685,1 мың тоннаны құрайды. Бұл жаңа өнімді толық қабылдап, сақтауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта элеваторларда 96 мың тонна астық сақтаулы, жаңа өнімнен тағы 71 мың тонна қабылданған. Өңірде газ және дизель отынымен жұмыс істейтін 15 астық кептіргіш қондырғы бар.

«Қазгидромет» мәліметінше, қыркүйекте ұзаққа созылатын жауын-шашын күтілмейді, бұл егін жинауға қолайлы жағдай туғызады. Бүгінде 256 мың гектар дәнді дақыл жиналып, орташа өнімділік 11 ц/га көрсеткішпен 269 мың тонна астық бастырылды.

Асхат Шахаров ауа райының қолайлы күндерін барынша тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті. Ол тек өнімді толық жинап алу ғана емес, сонымен қатар оны сақтап, өткізуді алдын ала ойластыру маңызды екенін жеткізді.

«Фермерлерге кедергі келтіретін кез келген жағдайға жол бермеу керек, логистика мен тасымал жұмыстарын нақты үйлестіріңіздер. Ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдері егін жинау қарқынын арттыруы тиіс. Сонымен қатар, техника және жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселелерін қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Астықты толық жинау үшін қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, тәулік бойы жұмысты ұйымдастыру қажет», – деді облыс әкімі.

Облыс әкімі сондай-ақ әлеуеті жоғары шаруашылықтарды өзге фермерлерге қолдау көрсетуге және өзара ынтымақтастықты нығайтуға тартудың маңыздылығын атап өтті. Облыс әкімі егін жинаудан кейінгі сақтау және өнімді өткізу мәселелерін алдын ала және жүйелі түрде ұйымдастыруды тапсырды.