Ақтөбе облысында су бұру, жылу және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға 18,5 млрд теңге инвестиция салынады

Ақтөбе облысында су бұру, жылу және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға 18,5 млрд теңге инвестиция салынады

2025–2029 жылдарға арналған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» («ЭКСЖ») ұлттық жобасы аясында еліміздің батыс өңірлерінің коммуналдық инфрақұрылымына 43 миллиард теңгеден астам қаржы инвестицияланбақ.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында тұрақты дамудың басты факторы – тұрғын үй-коммуналдық және су инфрақұрылымын жаңғырту екенін ерекше атап өтті.
Ұлттық жобаны жүзеге асыру тұрақты әрі заманауи коммуналдық инфрақұрылым құруға, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
ЭКСЖ шеңберінде Ақтөбе облысында 2025–2029 жылдарға жалпы сомасы 18,5 миллиард теңге инвестиция бөлу жоспарланып отыр. Қаражат жылу және сумен жабдықтау, сондай-ақ су бұру жүйелерін жаңғыртуға бағытталады.
Атап айтқанда, 5,2 шақырым жылу желісіне, 2,4 шақырым су құбырына және 11,5 шақырым кәріз желісіне күрделі жөндеу жасалады, жеті ұңғыманы қайта бұрғылау және бір кәріздік сорғы станциясын реконструкциялау көзделген. Жұмыстарды «Aqtobe su-energy group» АҚ атқарады. Ал «Алға жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны №2 КСС құрылысын жүргізіп, 2,4 шақырым жаңа және 10,9 шақырым қолданыстағы кәріз желілерін қайта жаңғыртады, сондай-ақ 2026 жылы Алға қаласында 0,3 шақырым жылу желісін ауыстырады.
2026 жылы өңірдегі инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту мен ТКШ-ның энергия тиімділігін арттыруға шамамен 1,2 млрд теңге бөлінбек.
Еске салайық, «ЭКСЖ» ұлттық жобасының мақсаты – тозған жылу-, электр-, су жабдықтау және су бұру желілері мен нысандарын жаңарту арқылы олардың сенімділігі мен қызмет көрсету сапасын арттыру, сондай-ақ экономиканың тұрақты дамуын және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуды қамтамасыз ету. Жобаға «Бәйтерек» холдингі мен түрлі қаржы тетіктері арқылы инфрақұрылымды жаңғырту, есептеу құралдарын енгізу, отандық өнімдерді пайдалану, жұмыс орындарын құру және инвестициялар тарту кіреді.
Ұлттық жоба энергетикалық және коммуналдық желілердің тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендетуге, апаттылықты 20%-ға азайтуға бағытталған.