12–14 қыркүйек аралығында Ақтөбе қаласындағы «Қоныс» спорт сарайында халықаралық жаттықтырушы, Elite Athletes компаниясының негізін қалаушы, халықаралық турнирлердің ұйымдастырушысы Йорик Майклстың жетекшілігімен облыстық деңгейде баскетбол семинары өтуде.
Семинардың ашылу рәсімінде Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Йорик Майклсты және қатысушыларға сәттілік тілеп, спорт саласын дамытуға мұндай бастамалардың қосар үлесін атап өтті.
«Халықаралық деңгейдегі маман қатысып отырған бұл семинар – бапкерлеріміз бен жас баскетболшыларымыз үшін үлкен тәжірибе алаңы. Бұл Ақтөбе облысында баскетболдың дамуына жаңа серпін беретініне сенімдімін», – деді Асхат Шахаров.
Өз кезегінде Йорик Майклс жылы қабылдауға алғысын білдіріп, өңір жастарының баскетболға деген қызығушылығы жоғары екенін жеткізді.
«Мұнда келгеніме қуаныштымын, өз тәжірибеммен бөлісуге мүмкіндік туып отыр. Жас спортшылардың үйренуге деген ынтасы зор екені байқалады. Бұл семинар өңірдегі баскетболдың дамуына жақсы бастау болады деп сенемін», – деді ол.
Шараға 15 пен 18 жас аралығындағы 80 спортшы және 10 бапкер қатысуда. Үш күн бойы олар техникалық және ойынға байланысты жаттығулар, оқу семинарлары мен шеберлік сабақтарынан өтеді.
Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталмақ.