Ақтөбе облысындағы жеті теміржол вокзалы жөнделуде

Ақтөбе облысындағы жеті теміржол вокзалы жөнделуде

 

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында жұмыстардың орындалу барысы талқыланды.

Бұл ауқымды жоба өңірдегі вокзал инфрақұрылымын толық жаңартуға бағытталған. Ақтөбе облысында жөнделіп жатқан жеті теміржол вокзалының басым бөлігі ондаған жыл бұрын салынған және техникалық әрі функционалдық тұрғыдан ескірген.

Нысандарды жаңғырту жұмыстарына биыл көктемде «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ кірісті. Қазір жөндеу жұмыстары Ақтөбе, Қандыағаш, Шалқар, Алға, Жем қалаларында және Қарауылкелді мен Шұбарқұдық ауылдарында жүргізілуде.

Жобаларға сәйкес ғимараттардың сәулеттік келбеті ескеріле отырып, кешенді жаңарту қарастырылған. Қасбеті жаңартылып, ішкі орын-жайлар мен инженерлік желілер жаңғыртылады, заманауи хабарландыру және ақпараттандыру жүйелері орнатылады. Өрт қауіпсіздігін күшейтуге мән берілуде.

Маңызды бағыттардың бірі – мүгедектігі бар азаматтарға кедергісіз орта құру. Ол үшін вокзалдарда пандустар, тактильді көрсеткіштер, индукциялық жүйелер орнатылып, бейімделген кассалар мен санитарлық тораптар жасақталады.

Ақтөбе вокзалында қосымша тегін Wi-Fi аймақтары мен балалар ойын алаңдарын орнату жоспарланған. Сондай-ақ жолаушылардың қозғалыс қауіпсіздігін арттыру үшін жаяу жүргіншілерге арналған үстiңгi өткел салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Бүгінгі таңда ең қарқынды құрылыс жұмыстары Ақтөбе мен Шұбарқұдық вокзалдарында жүріп жатыр, жұмыстар шамамен 55%-ке орындалған. Шұбарқұдықта қабырғаларды қалау, бөлмелерге бөлу аяқталды, енді шатыры жабылады.

Ақтөбе вокзалында ғимараттың қасбетін әрлеу, желдету, кондиционер және жылыту жүйелерін орнату жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ ішкі әрлеу және шатыр жабу жұмыстары аяқталуға жақын.

Шалқарда негізгі ғимаратқа қосымша құрылыс салынып жатыр, терезе және есік ойықтары нығайтылса, Қарауылкелді мен Алғада нысанның іргетасы құйылды. Қандыағаш вокзалы әрлеу сатысында, сонымен қатар қабырғаларды тұрғызу мен шатыр орнату қатар жүргізілуде. Жем станциясында іргетасы пен қабырғалар толық салынып біткен.

Облыс әкімі құрылыстарға бақылауды күшейту, жұмыстарды жеделдету және қажет болған жағдайда қосымша жұмыс күшін тартуды тапсырды.

«Вокзалдарды реконструкциялау – өңір инфрақұрылымын дамытудың маңызды қадамы. Біз барлық жолаушы үшін жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауды көздеп отырмыз. Сондықтан жұмыстардың сапасы мен мерзімін бақылау ең жоғары деңгейде болуы тиіс. Бұл біздің вокзалдарды заманауи әрі қолайлы етуге мүмкіндік береді», – деді Асхат Шахаров.