Облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов өңірде жүзеге асырылып жатқан бірегей жоба – «Kazfeltec» ЖШС жүнді терең өңдеу және тоқыма емес материалдар өндіру зауытына барды.
Жоба құны – 5,3 млрд теңге, қуаты – жылына 2 112 тонна өнім. Кәсіпорын іске қосылғанда 40 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Бұл жоба қой жүнін өңдеп, қатты және қылшықты жүннен экологиялық таза жылу сақтайтын материалдар шығаруға бағытталған. Өнімдер құрылыс саласында, өнеркәсіп пен жиһаз өндірісінде, сондай-ақ автокөлік жасауда кеңінен қолданылады. Цех италияндық Cormatex компаниясының заманауи жабдықтарымен жабдықталған.
Кәсіпорынның іске қосылуы жергілікті шаруалар үшін қой жүнін өткізетін тұрақты нарық қалыптастырады. Бұл ауыл тұрғындарының табысын арттырып, өңірдегі мал шаруашылығын дамытуға жаңа серпін береді. Сонымен қатар, жобаның экологиялық артықшылығы зор: бұрын пайдаға аспай келген қылшықты жүн өңделіп, қайта пайдаланылатын табиғи әрі зиянсыз өнімдерге айналады.